Жазғы мектептер оқудың олқылығын толтыруда

Оқу жылы әлдеқашан аяқталса да, мектептерде әлі де қарбалас шақ. Жоғары сыныптар мемлекеттік емтиханға қызу әзірленіп жатса, төменгі сыныптар қашықтықтан оқу кезінде кеткен еселерін қайтармаққа партаға қайыра отырған. Әрине, бәрі бірдей емес.

26 мамырдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жазғы мектептер жұмысына кірісіп кетті. Бұл үрдістен кеншілер қаласындағы білім ошақтары да қалыс қалып жатқан жоқ. Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбековтың айтуынша, қаламыздағы 13 білім мекемесінде жазғы мектеп жұмыс істейді, оған ата-аналардың өтініштері бойынша 2508 оқушы қатысады деп жоспарланған. Бірақ, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 27 мамыр күнгі хаты негізінде 6 мектепте ғана жазғы мектеп жұмыс жасайды. Онда 95 топта 976 бала қамтылды. Барлық оқушылар офлайн режимінде білім алуда.
– 19 маусымға дейін бастауыш және жоғары сынып оқушылары қашықтан оқу кезінде сабақтардағы болған олқылықтарды орындап, практикалық қаралуды талап ететін қиын тақырыптарды тереңінен пысықтай алатын болады. Бұл ретте үлгерімі төмен балаларға көп көңіл бөлініп, негізгі пәндерге ерекше назар аударылған. Алдағы оқу жылдарында игерілмеген тақырыптарды бекіту жұмыстары ескеріледі. Алдын ала проблемалық тақырыптарға талдау жасалып, сабақтардың кестесі құрылды», – дейді Берік Базылұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, жазғы мектепте білім алу ерікті түрде жүргізіліп жатыр. Оқушының үлгерімін мұғалім емес, ата-анасы бағалап, қажет деп тапса қосымша оқытуға жаза алады. Қосымша сабақтар ата-ананың қалауымен өткізіледі. Жазғы мектептерде үй тапсырмасы берілмейді және сабақтар ойын, экскурсия түрінде жүргізіліп, ортақ жобаларға жұмылдырылады. Педагогтар мен оқушылар өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық санитарлық қауіпсіздіктерді сақтайды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.