Көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұры

Балалардың төл мерекесіне орай Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ән мен биден шашу шашылды.

Өнер жолында жетістіктерге жетіп, қаламыздың абыройын республикалық, халықаралық дәрежеде арттырып жүрген балғындарды қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтап, ізгі лебізін жолдады.

– Ата-ананың ең үлкен бақыты баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел үміті, ұлтымыздың жалғасы. Сондықтан, бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Бүгінде баршамыздың алдымыз­да тұрған зор міндет – ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Сол себепті де біздер барынша балабақшада, мектепте, мектептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне жұмыс жасап келеміз. Бұл бағытта қаламызда жеткіншектердің білім алуына, шығармашылығын шыңдауына барлық жағдай жасалған, – дей келе, көңіліміздің гүлі, көзіміздің нұрына айналған балалардың бір тобын марапаттады.

«Сүйікті қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, өзінің айқын азаматтық ұстанымы мен оқудағы жетістіктері үшін және осындай лайықты азаматты тәрбиелеп, білім мен өнеге берген, баласының Қазақстан Республикасының тәуелсіз жастарының алдыңғы қатарында болуына үлкен үлес қосқан ата-анасына алғыс білдіремін. Сіздерге амандық, мықты денсаулық және қуанышқа толы ғұмырлы өмір тілеймін! Құметпен, досың, Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов». Осы мәтіндегі қала басшысының Алғыс хатына ие болған жас сәтбаевтықтардың қатарында Маржан Қали, Әсемай Арыстанбекова, Дильназ Қалмажит, Аяулым Қалиева, Еркеназ Сәбитқызы, Виктория Эйхольц, Бақдәулет пен Азамат Шакимурат, Рамазан Ибраһимғабидулла, Айханым Леспаева, Еркеназ Есмағанбетова, Жансұлу Сарқыт, Қайсар Жұмағалиев, Ербол Жаңатан, Арайлым Рахымберді, Марал Балтабай, Назерке Балғынбек, Ерғанат Ерғали, «Айла», «Маюри Девдас» би топтарының мүшелері бар.

– Болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, қаламыздың одан әрі гүлденуіне өз үлес­теріңізді қосуларыңыз керек. Сендердің оқуда озат болуларыңа, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматы атануларыңа тілектеспін. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын! – деген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш елімізді өркендетер келешектің кемеңгерлеріне сәттілік тіледі. Салтанатты кеш марапат иелерінің орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.