Көп тілді білу – зор мүмкіндік

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл». Ата-бабамыздан қалған асыл сөз дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Болашақ кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру, білім секторының экспорттық әлеуетін көтеру, озық технологияларды енгізу – бүгінгі уақыт талабы» делінген. Бұл орайда, «Тілдің үштұғырлылығы» жобасының да мәні зор, маңызы жоғары.

Тілді білу – оңай шаруа емес. Ешкім тумасынан қостілді болып тумайды. Бұл үрдіс қажеттіліктен туындайды. Қазіргі уақытта көп тілді білу – өмір қажеттілігі. Осы қажеттілік негізінде қостілділік (көптілділік) пайда болып қалыптасады және қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы. Ал көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының шетелмен халықаралық байланыстары күннен-күнге арта түсуде. Сол байланыстарды дамыту үшін көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажет-ақ. «Лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады. Әр белсенді жан бірнеше тіл білсе, ешқашан ұтылмайтыны сөзсіз.

Н. Сапарбек,
Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ағылшын тілін оқыту әдіскері.

Комментарии закрыты.