Бітімгершілік келісім – Азаматтық процестік кодекстің жаңашылдықтарының бірі

Жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойған сәтте заңнаманың маңызына тоқталған Елбасы аталмыш кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтып, мұны қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.

Шындығында, Кодексте заңнама аясында барлық негізгі құқықтық институттар қамтылып, оған осы саланы әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Әсіресе, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурорлардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу, дауларды татуластыру рәсімімен шешу секілді тетіктер Азаматтық процестік кодекстің маңызын арттыра түседі. Жаңа кодекс дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Азаматтық процестік кодекс бітімгершілікке келтірудің бұрыннан бар қағидалары мен рәсімдерін бүгінгі күнге сай жетілдіруімен де ерекшеленіп отыр.Оған дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру мақсатындағы «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тараудың енгізгені дәлел. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Жаңа қағидаларды саралап отырып, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне айрықша көңіл бөлінгеніне көз жеткізуге болады.

Бүгінде азаматтар Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді.

Татуласудың тағы бір артық­шы­лығы, мұнда сот шешімі орындалмай, орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан, тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал, орындалмаған жағдайда да талапкердің өтініш хаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Бүгінгі күнге дейін Сәтбаев қалалық сотымен 2021 жылдың 5 айында медиацияны қолданумен 31 азаматтық іс, бітімгершілік келісім бойынша 2 іс қаралды.

Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» ҚР заңында және Азаматтық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым не наразылық келтіруге жатпайды.

Кабира Тембаева,
Сәтбаев қалалық сот кеңсесінің бас маманы.

Комментарии закрыты.