Арбаға таңылған әйел

Арбаға таңылған әйел отыр… Күнде таңертең азық-түлік дүкенінің алдында отырған осы әйелді көремін.

Көремін де жүрегім қатты ауырады. «Күннің ыстығы мен суығына қарамай осы жарымжан жанды әкеліп отырғызып қоятын кім екен?» деп іштей ойланамын да. Ол қайыр сұрап отырады. Осы оқиға күнде қайталанады. Адамның жаны ауыратын жағдай. Бұл әйелді тәңертең әкеліп, кешке алып кетіп отырған адам бар екені сөзсіз.
Бүгін тағы көрдім. Өтіп бара жатқан адамдар қолына азын-­аулақ тиын-тебен ұстатып жатты. Мүгедек жанды аямай, табыс көзіне айналдырып отырған адамнан да Алланың сұрауы бар шығар? Қолдан келер шара жоқ. Тек, мына аптап ыстықта байғұстың басынан күн өтіп кетпесе екен…

P.S. Елдігімізге сын болар осы жағдайды көрген сайын «япыр-ау, біздің құзырлы орындар мен құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері бұған неге назар аудармайды екен?», деп те ойлаймын.

Қапиза Айтмағанбетқызы,
қала тұрғыны.

Комментарии закрыты.