Жазғы мектептер жұмыс істеуде

Сәтбаев қаласында 26 мамырдан бастап жазғы мектептер жұмысын істеуде. Ол жерде оқушыларға қашықтықтан оқыту нәтижесінде туындаған олқылықтардың орнын толтыруға зор мүмкіндіктер қарастырылған.

26 мамыр – 19 маусым аралығында сәтбаевтық оқушылар үшін жазғы мектептердің есігі айқара ашық. Олардың ішінде қаламыздағы ЖББ №5 мектеп те бар. Бұл білім ордасындағы жазғы мектепте 1 мен 8 сынып оқушылары білім алады. Олардың 102-сі оқу үлгерімі төмен оқушылар болса, 42-сі білім деңгейін арттыруға құлық танытқандар. Дегенмен, үлгерімі төмен оқушыларға баса назар қойылмақ.

Жазғы мектептегі оқыту барысында карантиндік талаптар қатаң сақталып отыр. Оқушылар екі ауысымда, арақашықтықты сақтай отырып білім алуда. Ал, 19 маусымнан кейін оқушылар жазғы демалысқа шығатын болады.

– Жазғы мектепте оқу тегін әрі ерікті түрде жүргізіледі. Мұндай қосымша мектептердің ата-аналарға жазғы демалысты ұйымдастырып беруде үлесі мол. Онымен қоса, келесі оқу жылына дайындық іспетті, – дейді аталмыш оқу орнының директоры Руслана Қапарова.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш білім ордасында жазғы мектеппен қатар жазғы еңбек лагері де ұйымдастырылған. Бұл жерде мектеп ауласын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда девианттық мінез-құлықты 50 оқушы екі ауысыммен жұмыс істейді. Биылғы жылы жазғы мектепке 9-сынып оқушылары жіберілмеген. Оның себебін мектеп директоры түлектердің мемлекеттік емтиханға дайындығымен байланыстырды.

Еркеназ Шоқан.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.