Көлік салығын төлеу – міндет

Жуырда Сәтбаев қаласында көлік тізгіндеген азаматтардың салық қарызын тексеру мақсатында рейд өткізілді.

Автотранспорт иелері республиканың автокөлік жолдарын пайдаланатыны белгілі. Сәйкесінше, көлігі бар азаматтар салық төлеуге міндеттеледі. Ал көлік құралдарына салынатын салық – мемлекет пен жылжымалы мүлік арасындағы экономикалық қатынасты реттейді. Осы орайда Сәтбаев қаласындағы мемлекеттік кірістер басқармасы, жол-патрульдік полициясының қызметкерлері және жеке сот орындаушылары бірігіп, көлік иелерін тексеру жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында көліктер тоқтатылып, құжаттар жіті тексерілді.

Тексеріс шарасының аясында салық төлемеген азаматтарға қарызды eSalyqazamat мобильді қосымшасы арқылы жеңіл әрі жылдам төлеуге болатындығы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сәтбаев қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары ұсынған деректерге сүйенер болсақ, қазіргі таңда кеншілер қаласында көлік салығын өтемеген 2800 тұрғын бар. Қала көшелеріне жүргізілген рейд жұмыстарының арқасында 2 азаматтың мемлекет алдында қарызы бар екендігі анықталып, eSalyqazamat мобильді қосымшасы арқылы мамандардың көзінше төленді.

Қалалық жол патрульдік полициясы, мемлекеттік кірістер басқармасы және сот орындаушыларымен біріккен іс-шара қарыздарды толықтай өндіріп болмайынша жыл соңына дейін жалғаса бермек.

Еркеназ Шоқан.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.