«Өмір мен ажал айқасы»

Осындай атпен Ұлы Отан соғысының ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Әкбар Аманжоловтың кітабы жарық көрді. Ардагердің естеліктерін өңдеп, баспаға дайындаған Жезқазған өңіріне танымал журналист, телевидение саласының ардагері Шамхан Рахметов. Кітап Жезқазған қаласындағы «Полиграфия «АСАР» ЖК «Битанова С.Д.» баспаханасында басылып шығарылды. Ардагердің естеліктерінің жарық көруіне қолдау жасап, демеушілік көрсеткен – Сәтбаев қаласының әкімдігі.

8 маусымда Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі ғимаратының «Коворкинг» орталығында «Өмір мен ажал айқасы» кітабының тұсау­кесері өтті. Бұл шараны Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды.

Жайдарлы жүздесуге Әкбар ағаның туған-туыстары, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаттары, кезінде ардагермен бірге еңбек еткен әріптестері жиналды.

Кездесуде қаланың мәдениет саласының басшысы Қанат Төлеш «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан бұл ізгілікті істің өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге қосар үлесі мол екенін атап өтіп, қиын-қыстау кезеңдердегі ата-бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, паш ету парызымыз екенін жеткізді.
Әкбар ағаның жас кезінен қалыптасқан бір жақсы әдеті болды. Ол – басынан өткізген өмір жолдарын қағаз бетіне түсіріп, күнделік жазу. Тар жол, тайғақ кешкен кездерде де сол әдетінен айырылған жоқ.

Ардагердің сол естеліктерінің жарық көруіне үлкен үлес қосып, көз майын тауысып аянбай еңбек еткен Шамхан ағамыз Әкбар Аманжоловтың өмірбаянының әрқилы жолдары жайлы тебірене айтып, кітапты дайындау барысындағы Аманжоловтар отбасының үлкен көмегін ерекше атап өтті.

Байқоңырда туып-өсіп, Қарсақбайдың зауыт-фабрикалық училищесінде металлург мамандығын игеріп, одан 1941 жылы Мәскеуде еңбек тәжірибесін шыңдап жүргенде Әкбар Аманжолов өз еркімен 17 жасында еріктілер батальонында барлаушы болып ұрыс майданына аттанды. Соғыстың алғашқы айларындағы Қызыл Әскер жауынгерлерінің басына түскен дағдарыстарды басынан өткізді. 4 жыл неміс тұтқынында болғаны, одан НКВД-ның үштігінің үкімімен Сібірдің Колымасындағы лагерьлерде өткізген 10 азапты жылдары, 17 жылдан кейін еліне оралғанда да «сатқын», «халық жауы» деген атақтан айырыла алмай көрген өзекті өртеген өкініш – осы бір қайсар адамды сындыра алмады. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен толық ақталып, Ұлы Отан соғысының ардагері деген атаққа ие болды. Колымада емін-еркін жүріп-тұруға қолы жеткенде сол Сібірге жер аударылған поляк қызына үйленіп, отбасын құрды, балалы-шағалы болды.
Елге оралған соң анасымен қауышты. Бауырлары кеудесінен итерген жоқ, үй салып берді. Төрт баланы жеткізіп, жоғары білім берді, жұрт қатарлы еңбек етіп, сыйлы болды.

Кітапханадағы кездесу барысында Әкбар Аманжоловтың берік ұстанымы, қаланың қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі жайлы қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, депутат Досбол Мейірбек, Әкбар ағамен көп жыл бірге еңбек еткен Нәбу Рахметов тебірене айтты. Аманжоловтар әулеті атынан Әкбар ақсақалдың бауыры Нұрғали ағамыз, қызы Лазетта игілікті шараны ұйымдастырушыларға, естелік кітаптың шығуына үлес қосқан азаматтарға алғыстарын білдірді.

Қалалық мұрағаттың қызметкері Айгүл Байжұманова Әкбар Аманжоловтың құжаттары сақталған жеке қоры жайында айтса, кітапхана қызметкері Парасат Қасымбекова ардагердің қаламынан шыққан жыр жолдарын оқыды, мәдениет саласының үздігі Қайрат Әбеуов «Жас қазақ» әнін домбырамен шырқады.

«Өмір мен ажал айқасы» кітабында Әкбар аға кіріспе сөзінде «… Менің осы еңбегім өздері азапты жолда жүрсе де жұдырықтай жүрегі ақырғы демі біткенше Отаным, елім деп соққан жандардың аруағына арналады… Болашақта мұндай қасіретті күндер болмасын, аспанымыз ашық, көңіліміз жарқын, ұрпағымыз ынтымақты бірлікте болсын!» – деп жазып еді.

Ғасырға жуық өмір сүрген қажырлы да қайратты жүрегінің жылуын адамдарға арнаған Әкбар Аманжоловтың бізге бағыштаған батасы қабыл болсын, ер есімі ел есінде мәңгілік сақталсын!

Мәди Әлжаппаров.
Суреттер «Фейсбук» желісінен алынды.

Комментарии закрыты.