Қауіп әлі де сейілген жоқ

Қалалық әлеуметтік сала бөлімінің берген мәліметіне қарағанда 5 маусым күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 4 адам тіркелген. Мамандар Сәтбаев қаласында жағдай тұрақты болғанымен қауіптің әлі сейілмегенін айтады.

– 5 маусым күні коронавирус індетін жұқтырған 4 адам тіркелді. Оның біреуі жұмыскер, біреуі оқушы, ал қалған екеуі студенттер. Сондай-ақ, бір адамда аурудың клиникалық белгілері болса, үшеуі – симптомсыз. Облыстың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес бірқатар нысандарға жеңілдіктер беріліп, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Дегенмен, тұрғындарға әлі де қауіптің сейілмегенін айтқымыз келеді. Сондықтан, баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз. Отбасылық мерекелік шаралар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске салғымыз келеді, – деді қалалық әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева.

Орайы келгенде айта кетейік, пандемия басталғалы облыста жалпы саны 503 адам КВИ-мен ауырған, 381 адам аталған індеттен жазылып шыққан. Қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 115 адам ем алып жатыр. Ал үй карантиніне 208 адам алынған. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

– Вакцинациялауға келсек, қалада 2 екпе салу орталығы жабдықталып, жұмыс істеуде. Оның бірі қалалық емханада, екіншісі медициналық клиникада орналасқан. Мұның сыртында 7 бригада құрылып, еңбек ұжымдарын аралап, екпе салып жүр.

Наурыз айынан бастап қалаға 12 035 доза вакцина әкелінді. Оның 5735 дозасы бірінші кезеңде салынса, 6300 дозасы екінші кезеңде салынды.

5 маусым күні қалалық емханаға 100 доза «Hayat-Vax» вакцинасы әкелінді. Оның 14 дозасы егілді. Екпе салу жұмысы жалғасып жатыр, – дейді Гүлмира Өміртайқызы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.