Веломарафон өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде қаламызда велошеру ұйымдастырылды. Шара барысында ел егемендігінің 30 жылдығы құрметіне 30 велошабаңдоз еліміздің Туын желбіретіп, қаланың басты көшелерімен жүріп өтті.

Іс-шара шымылдығы ҚР мемлекеттік Әнұранымен түріліп, алғаш болып құттықтау сөзін қала әкімі Асқар Ыдырысов алды.

Асқар Абылайұлы сәтбаевтықтарды мерекемен құттықтап, мемлекетіміздің рәміздері біздің мақтанышымыз екендігін, оларға әрқашан құрмет көрсету – ұлттық патриотизмге тәрбиелейтіндігін айтты. Сондай-ақ, қаламызда спортты дамыту үшін барлық жағдайдың жасалып жатқандығын да жеткізді.

Шағын салтанатты рәсімнен соң қала басшысы жиынға келгендегі мақсатынан айнымай, велошеруді бастап берді.

Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілерімізге арналған ұлық мерекеде бой көрсеткен 30 әуесқой велосипедшінің мақсат-мүддесі – көк Туымызды бейбітшіліктің аспанында тағы бір рет желбірету болды. Ол мақсаттары сәтті орындалды да. Марафон қорытындысы бойынша үшінші орынды Азимхан Жандосұлы қанжығаласа, мәреге екінші болып Ерасыл Бағдат келді. Ал веложарыстың жеңімпазы ретінде Абзал Әлменов есімді велошабандоз танылды.

Мерекелік жиын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, медальдар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Сый-сияпаттан өзге де қатысушылар қалыс қалған жоқ.

Еркеназ Шоқан.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.