Жолдастық кездесу

Өткен жұмада «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінің футбол манежінде «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС жылу энергетикасы кәсіпорнының цехтары мен учаскелері арасында шағын футболдан турнир өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымды біріктіруді мақсат еткен жарысқа «КәсіпҚорған» және «Jastar Bolashaq» Жастар одағы мұрындық болып, 9 команда сынға түсті.

Бәсекеде бақ сынамаққа келген командалардың дайындығы алғашында-ақ көрініс берді. Олар алаңда қолдарынан келгенше өз шеберліктері мен шымырлықтарын көрсете білді.

Аяқ доп додасында №2 жылу электр стансасының директоры Ғазиз Мұқышев та бой көрсетті. Ол аталмыш сайыс ұжымдардың арасындағы таныстықтың артып, ауызбіршіліктің нығаюына септігін тигізетінін айтты.

Турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды №2 учаскенің командасы, екінші орынды №3 учаскенің командасы иеленді. Ал, бірінші орын № 1 жылумен жабдықтау цехының командасына бұйырды. Әуесқой спортшыларды жылу энергетикасы кәсіпорнының директоры Әшім Исанов құттықтады.

Ойын барысында өздерінің ептіліктерімен, шеберліктерімен көзге түскен спортшылар да марапаттан тыс қалған жоқ. Мәселен, Альтаир Әбжаппар «Үздік қақпашы», Олег Ядришников «Үздік қорғаушы» атанса, Олжас Манатов «Үздік шабуылшы» деп танылды. Турнирдің барлық ойыншылары мен жеңімпаз командаларына дипломдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Еркеназ Шоқан.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.