15-буын сапарға аттанды

Білім кемесінде 11 жыл бойы жүзген жолаушыларды болашақтың қаласына аттандырар іс-шара Сәтбаев қаласының №16 жалпы білім беретін орта мектебінде де өтті. Биылғы түлектер – аталмыш білім ошағымен қоштасып жатқан 15-ші буын. Ел тәуелсіздігінің ордабұзар жасымен бірге келген айтулы күнді егеменді елдің ұрпақтары жақсылықтың нышанына бағалады.

Бойларын қимастық сезімі билеген мектеп бітірушілерін алғаш болып білім ошағының директоры Қайрат Смайылов құттықтады. Құттықтау сөз барысында білім ошағының басшысы баласының үйдегі тәрбиесінен бөлек, мектеп өміріндегі тәрбиесі мен білім деңгейі үшін зор сенім білдірген ата-аналарға өзінің алғысын жеткізді. Одан кейін мектептің білім сапасы жағынан жақсы көрініп, қоғамдық жұмыстарда да алға баса беруіне мұрындық болған, өз келешектері үшін өмірлерінің 11 жылын дәл осы алтын ұяға арнаған түлектерге де рахметін жеткізді.
Іс-шара ары қарай мектеп аттестаттары мен «Алтын белгі» тапсыру рәсімімен жалғасты. Табыстау рәсімінің құрметіне мектеп директоры Қайрат Құлыбекұлы және мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Сәдуақасова ие болды. Биылғы жылы №16 жалпы білім беретін орта мектебін тәмәмдаушылардың ішінде 5 оқушының еңбегі еленіп «Алтын белгіге» ие болды.

Еркеназ Шоқан.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.