Тәуелсіздік құндылығын қастерлегендер

Қазақстан халқы Тілдері күні аясында тіл жанашырлары салтанатты түрде марапатталды.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және оның қолданыс аясын кеңейтуге қомақты үлес қосқан зиялы қауым, қоғам белсенділері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, тіл саясатын жүзеге асыру шараларын насихаттаушы журналистер, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастары, өзінің кәсіпкерлік қызметінде тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып жүрген шағын және орта бизнес өкілдерінің мерейі үстем болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген сөзі бүгінде қанатты қағидаға айналды. Тіл – кешеден бүгінге, бүгіннен ертеңге жол тартқан киелі керуен. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болып, қала әкімдігі қолдаған шарада ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасына «Шарайна» газетінің жауапты хатшысы Мейрамгүл Саяжанқызы лайықты деп табылды. Ал, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Алғыс хатына қаламыздағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Маржан Өтеген ие болды.

Бүгінде мемлекеттік тілдің тынысы ашылып, қанаты кеңге жайылған. Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс артып отыр. Солардың қатарында Артем Артемьев бар. Балалар өнер мектебінің оқытушысы Жезқазған музыка колледжін тәмамдаған. Қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, ән салуда да көзге түсіп жүр. Бұл күні ол қала әкімінің міндетін атқарушы Дәуір Жүнісбековтің Алғыс хатын еншіледі.

– Тілдің тағдыры – елдің тағдыры. Ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің жұмысымен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қызмет етуіміз керек. Тілімізді құрметтеу әр отбасының, әр ұжымның негізгі мақсаты болғанда ғана біз ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз­ды ұрпаққа аманаттай аламыз, – деген Д.Жүнісбеков мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудің маңыздылығына тоқталып, жақсы үрдісті қолдап-қошеметтеп жүрген азаматтарды Алғыс хатпен, Құрмет грамотасымен марапаттады.

Тәуелсіздіктің негізгі құндылығы – тіліміз. Тұғырын бүгінгіден де биіктете түсу, қастерлеу – міндет. Тіл жанашырларының басын қосқан шара осындай түсінікпен түйінделді.

Мира ШАХАТ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.