Сүйіспеншілік пен құрмет ошағы

Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Өнегелі құндылықтарды жаңғыр­ту және отбасы мен некенің жағымды үлгісін тарату, отбасы мәртебесін жоғарылату мақсатында Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен 2012 жылдан бастап елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде өтіп келеді.

Биыл да бұл конкурстың қалалық, облыстық кезеңдері өтті. Қалалық кезеңде Сламахуновтар және Садықовтар отбасы үздік шығып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Қалалық кезеңнің қорытындысы бойынша 7 бала тәрбиелеп отырған Алмаз Құрманжанұлы мен Айжан Мұхамедғалиққызы бас жүлдені иеленді. Алмаз Сламахунов Шығыс Жезқазған кенішіндегі №55 шахтада электрослесарь болып еңбек етсе, зайыбы Айжан қалалық емханада учаскелік мейірбике. Қазір бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан Айжан тағы бір нәресте күтіп жүр.

– Алла бұйыртса қараша айында 8-ші бөпеміз дүниеге келмекші. 4 баламыз мектеп табалдырығын аттады. Пәтер жалдап қиналсақ та шыдап келеміз. Жекеменшік үйіміз жоқ. «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы көмектесеміз деп уәде берген. Арманымыз орындалып, сол күнге жетсек балалар да қатты қуанар еді, – деген Айжан Шәріпова жақында «Алтын алқа» иегері атанатындығын да айтып қалды.

Байқаудың қалалық кезеңінде үздік шыққан Қайрат Кежденбайұлы мен Мөлдір Іліпбайқызының отбасы да құрметтен құр қалмады. Қайрат Садықов Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында еңбек етеді. 4 бала тәрбиелеп отырған отбасы бірінші орынға лайықты деп табылды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Батыр Абдрахаев Қала күніне орай жеңімпаздарды құттықтап, арнайы диплом, сыйақымен марапаттады.

Мейрамгүл Саяжан.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.