Әр адамның қатысуы – маңызды

1 қыркүйкте ұлттық санақтың екінші кезеңі басталды. Ол 15 қазанға дейін онлайн түрде, одан кейін, 30 қазанға дейін планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізу арқылы өтеді. Міне, осы 10 жылда бір келетін халық санағында биыл қандай өзгерістер бар? Біз оған дайынбыз ба? Халықтың белсенділігі қаншалықты деңгейде? Бүгін біз осы сауалдарды бір саралап көрмекпіз.

Баршаға мәлім, 1-30 маусым аралығында ұлттық халық санағының бірінші кезеңі өтті. Онда тұрғынжайлар, тұрғын үйлер, ғимараттар және тұрғын емес үй-жайлар тізімін жасақтау жұмысы жүргізілді. Енді екінші кезең басталды. «Қазақстанда әркім маңызды» деген ұранмен басталған бұл саяси да, әлеуметтік те маңызы бар науқанға ең бастысы, тұрғындар белсенді, әрі жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Шыны керек, жауапты мамандар түсіндірме жұмыстарын тиісінше жүргізгенімен, тұрғындар әлі де санаққа селқос қарауда. Әлеуметтік желілердегі түрлі алыпқашпа әңгімелер елдің бұл іске белсене кірісуіне кедергі болуда. «Халықты санаса болмай ма, елдің әлеуметтік жағдайын тәптіштеп сұраудың қанша қажеті бар? Мұның астарында құйтырқы саясат жатқан жоқ па?» деген сауалды алға тартады кейбір азаматтардан сұрай қалсаңыз. Ал, мамандар биылғы сайлаудың басты ерекшеліктерінің бірі осы екенін түсіндіріп бағуда. Осы сауалдар арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы нақтылы айқындалады, дейді олар.

– Онлайн жүргізілген санақ дұрыс деп есептеймін, өткені, біріншіден, жеке бастың қауіпсіздігі, екіншіден, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, әрі заман көшіне ілесіп келеміз. Сондықтан бұл науқанға жұмыла кірісуіміз керек. Елдің бүгіні мен болашағын бағдарлауға бағытталған халық санағына бір сәт болса да белсенділік танытқанымыз дұрыс, өйткені бұл – ортақ міндет, – дейді қала тұрғыны, медицина саласының ардагері Мағзұм Омаров.

Орынды айтылған пікір. Онлайн санақ өте оңай. Және әр адам өз бетінше қалаған уақытында кіріп, жұмысы болып қалса тоқтата қойып, кейін қайыра жалғастыруына өте қолайлы. Және бір адам отбасындағы барлық адамдары үшін де жауап беріп, санақ парақшасын толтыра алады. Бұл отбасындағы өзге адамның уақытын да үнемдейді, жұмысынан қалдырмайды. Ол үшін интернет желісіне қосылған компьютер немесе ұялы телефон, басқа да гаджетің болса жетіп жатыр. Солар арқылы sanaq.gov.kz сайтына кіріп, eGov.kz не болмаса Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасының бірін таңдап, санақтан өтуге болады. Бұған әрі кетсе 1 сағат уақытыңыз кетеді. Егер сайт жұмысын түсінбесеңіз жауапты мамандарға хабарласып, мәлімет алуға да мүмкіндік бар.

– Қалада үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде, мекеме қызметкерлері мен жауапты мамандар, тұрғындар да осы іске белсенді атсалысуда. Күнделікті мәлімет алып отырмыз, қоғамдық жұмыс есебінен де қызметкерлер бар, түсіндірме жұмыстары тиісінше жүргізілуде. Соның нәтижесінде қалада санақ қалыпты жүріп жаптыр. Әлі де жұмысты жетілдіре түсеміз, – дейді қалалық қаржы және экономика бөлімінің осы іске жауапты маманы Айғана Жүсіп.

– Егемендік алғаннан бергі бұл біздің үшінші Ұлттық халық санағымыз. Бұған дейін 1999, 2009 жылдары санақ өтіп, халқымыздың санын бір саралап алған едік. Енді, міне, үшінші санақты да бастадық. Қазір бұл науқаннан өту жеңілірек, яғни, онлайн түрде өтеді. Көп дегенде бір отбасы 1 сағат қана уақытын бөлсе болғаны. Бұл науқан елдің бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды процес. Қазір санақтан өту өте маңызды, өйткені ертең өтпеген тұрғынның өзіне кері әсері болуы ықтимал. Сондықтан, әрбір тұрғын бұл іске жауапкершілікпен қарағаны жөн, – дейді мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ермұханбет Сәлемов.

Сонымен, санақ басталды. Осы санаққа байланысты қала халқы қандай қосымша мәліметтерді білуі тиіс, егер қандай да бір сауал туындаған жағдайда кімнен кеңес ала алады? Бұл да өзекті. Қалалық статистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Исатаеваның айтуынша, елге қойылып отырған сауалнаманың маңызы ерекше.

– Халыққа жүргізілген жалпыұлттық сауалнама барысында біз әр түрлі практикалық мақсаттарда қолданылатын деректердің үлкен жиынтығын жинауға, жаңартуға тиіспіз. Бұл санақтың маңызы халықтың нақты санын білуге ғана емес, елдің әкімшілік-аумақтық бөлінуі бойынша республика тұрғындарын сипаттайтын демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Санақ мәліметтері экономикалық болжауға, жұмыспен қамту саясатын анықтауға, басқа да әлеуметтік бағдарламаларды құруға, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың функцияларын орындауға, ғылымды және бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз етуге пайдаланылатын болады, – деді Гүлсім Сағындыққызы.

Орайы келгенде айта кетейік, халықтың санаққа белсене қатысуы өте маңызды. Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар, білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін қажет. Ендеше, санаққа белсене қатысайық, ағайын!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.