Абыройымызды асқақтатты

Соңғы бірер жылдан бері қаламыздың сахнасына сән беріп, өнерсүйер қауымның құлақ құрышын қандырып жүрген өнер ұжымдарының бірі – «Кеншілер сазы» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі. Құрылғаннан бері аталмыш ұжым өнер айдынында өзіндік орнын алып, тыңдармандарын қалыптастырып үлгерді. Ақмола облысында өткен «Көнеден жеткен күмбір» фольклорлық фестивалінде жерлестеріміз абыройымызды асқақтатты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың туғанына 150 жыл толуына арналған шараға «Кеншілер сазы» ансамблі де қатысты.

Бурабай курорты бірнеше күн бойы төл өнердің орталығына айналып, Нұр-Сұлтан, сондай-ақ, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облысының шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушыларының басын қосты. Республикалық деңгейдегі фестивальде «Кеншілер сазы» ансамблі ерекше көзге түсті. Өнер додасының бағдарламасы өте мазмұнды болды. Одан бөлек Бурабайдың әсем жерлеріне саяхаттаған өнерпаздар қызықты кездесулер өткізіп, семинар-тренингтерге де қатысқан. Халқымыздың бай мұрасын паш еткен жерлестеріміз Байғара Сәдуақасовтың жетекшілігімен Нұрлан Керімбековтің «Сәтбаев вальсі» әнін, Ермұрат Үсеновтің «Ерден толғауын» тамаша орындады. Жағымды эмоцияға қоса дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болған дарын иелері алған әсерімен бөлісіп, игі іске мұрындық болған қала басшысы Асқар Ыдырысовқа, Ш.Ділдебаев атындағы мәдени-шығармашылық орталығының басшысы Индира Бақытқызына алғыс білдірді.

Аз ғана уақыттың ішінде сахнаны күмбірлеген күйге бөлеп, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленген жас ұжым келешекте де өнер көгінде қалықтай берері анық. Оған олардың бүгінгі талпынысы, өнерге деген құлшынысы айқын айғақ.

Еркеназ ШОҚАН.

Комментарии закрыты.