Қарашаның соңында басталады

Елімізде екпені қайталап салу қарашаның жиырмасынан кейін басталады. «Спутник» салдыртқандарға 9 айдан соң «Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Pfizer-мен ревакцинация жасауға кеңес берілді. Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in екпесін алғандарға 6 айдан соң Спутник немесе Pfizer салдырту ұсынылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов хабарлады.

– Ревакцинацияны вакцинаның үшінші дозасын алу деп атауға болады. Бұл вакцинаның екі компонентін алып қойған азаматтарға ревакцинациядан өтпегені үшін қандай да бір қосымша шектеулер қарастырылып жатқан жоқ. Осы орайда атап айтатын дүние, ревакцинация процедурасының өзі көп жағдайда алдын ала белгіленген топтар арасында өтеді, – деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.

Оның айтуынша, аталған санатқа халықтың денсаулығы осал топтары жатқызылады. Сондай-ақ, ағзадағы антидененің талдауы теріс нәтиже көрсеткен адамдар ерікті түрде ревакцинацияға келе алады.

Pfizer екпесінің екі компонентін алған адамдарға қайта егілу үшін жарты жылдан соң Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Спутник вакцинсын қолдану ұсынылады. Екпенің екі компонентін де алып, коронавирустық инфекциямен ауырып шыққан адамдарға сауыққаннан кейін 3 айдан соң қайта вакцина салдыруға болады. Қайта вакциналаудан бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік және жабық мекемелердегі адамдар өтеді. Бұл тізімде күштік құрылым қызметкерлері және жасы 60-тан асқан адамдар да бар. Ревакцинация үшін екпенің бір ғана дозасы салынады.

Екпені қайталап салуды бүкіл әлем қолға алып жатыр. Бірінші кезекте, жасы 60-тан асқан адамдарға вакцинаның қосымша дозасы салынуда, себебі олардың созылмалы ауруы бар. Ал коронавирустық инфекция жұқтырса, қатты ауырып, қайтыс болуы да мүмкін. Сондықтан, ревакцинация туралы ұсынысқа дұрыс қараған жөн.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.