«КЕЛЕШЕГІНЕН ҮМІТІМІЗ ЗОР», дейді жаттықтырушы

Спорт – өмір. Бұл қарапайым ғана тәмсілді әр алуан өрбітуге болады. ХХІ ғасырда адам баласының спортқа қызығушылығы артып келеді. Арнайы спорт залдары да, ауладағы дене шынықтыру алаңдары да үнемі адамға толы. Тіпті бала кезінен ата-анасының бағыттауымен спортқа жазылып, жас кезінде талай белестерді бағындырған жастардың қатары да ұшан-теңіз. Солардың бірі – Ерасыл Сандыбай.

– Шынымды айтсам, күреске бұлай беріліп кетеді деп ойлаған жоқпын. Ертең ержеткенде өзін-өзі қорғайтындай жағдайда болсын деген оймен «Жастар» спорт сарайындағы дзюдо секциясына алып келіп тіркеткен едім. Көп ұзамай-ақ оның спорттың осы түріне деген қызығушылығы оянып, ынтасы арта түсті, – дейді біздің кейіпкеріміз – Ерасылдың Әкесі Қайрат Сандыбай ағынан жарылып.

Ерасыл бүгінде 11 жаста. 7 жасынан үлкен спортқа қадам басқан ол осы үш жылда біраз биіктерді бағындырып үлгеріпті. «Мен дзюдоға алғашқы күннен-ақ ғашық болдым», – дейді өзінің осы спорт түріне деген ерекше һәм балғын махаббатын риясыз білдірген бала дзюдошы.

Ерасылдың қоржынындағы жүлделерін қарап отырып, оның алғашқы жүлделі орынға 2020 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткізілген 2007-2008, 2009-2010 жас аралығындағы кіші жасөспірімдер арасындағы дзюдо күресінен қалалық біріншілікте қол жеткізгеннін көрдік. Бұл белдесуде Ерасыл Қайратұлы 46 келіден жоғары салмақ дәрежесінде татамиге шығып, бірінші орынды жеңіп алыпты. Осы жеңіс балғын балуанға қанат бітіріп, алға жетелей түссе керек.

Спортқа кеше ғана тәпіл-тұпыл қадам басқан ұлының азғана уақыт ішінде осындай жоғары белесті бағындырғаны оның ата-анасын да қатты қуантты, ал Ерасылдың бұдан кейінгі мақсаты әрдайым жеңіс тұғырына шығу болды. Өзінің жігері мен қайсарлығының арқасында көп ұзамай қалалық деңгейде өткен бірнеше турнирлерде жүлделі орындарға ие болды. Сәтбаев қаласының ашық біріншілігінде және Қаныш Сәтбаевтың 122 жылдығына орай ұйымдастырылған ашық біріншілікте ІІІ орындарды иеленсе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған Сәтбаев қаласындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біріншілігінде І орынды қанжығасына байлады.

– Ерасыл менің тәрбиемдегі балғын балуандардың ішінде келешегінен зор үміт күттіретін спортшы. Ол алғаш келген күннен-ақ дайындыққа барынша ден қойды. Күресте қажет ететін ауыр талаптарға төзе білді.

Дайындықтан қалған күні болған жоқ. Үйреткен әдіс-тәсілдерді тез ұғып, игеріп алды. Соның нәтижесінде өз салмақ дәрежесі бойынша белдесулерді жеңіспен аяқтап келеді, – дейді Ерасылдың жаттықтырушысы.

P.S. Осы жексенбіде қаламызда кіші жасөспірімдер арасында дзюдодан тағы бір дода өткелі тұр. Оған біздің кейіпкеріміз Ерасыл Сандыбай да қатысып, бағын сынамақ. Балғын балуанның дзюдо күресінің айла-тәсілі мен қыр-сырын қаншалықты меңгергені осы бәсекеде байқалатын болады. Сәттілік тілейіміз.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретте: Балғын дзюдошы – Ерасыл Сандыбай.
Сурет кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Комментарии закрыты.