Бәрі өз қолымызда

Соңғы мәліметтерге қарағанда, тұтас еліміз бойынша «Тәжтажалдың» шырмауынан шыға бастағандаймыз. Бұл қуанарлық жағдай. Соның ішінде Сәтбаев қаласында соңғы тәулікте ковид жұқтырған бір де бір адам тіркелмеген…

Салдарының салмағы зіл батпан жаман сырқаттан сақтансақ жағдайымыздың жаман болмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыра алып едік, кеселдің беті біртіндеп қайта бастады. Ендеше бәрі өз қолымызда. Ең бастысы сақтық шараларын қалтқысыз сақтап, шектеу шараларына шекемізден қарамай, мамандардың талабына түсіністік танытайық. Екпе алып, еркін жүрейік.

– Салғырттықтың сан соқтыратынын сан мәрте көрдік. Әлі де сонлай, жүре тыңдаудың кесірінен жерлестеріміз жұқпалы кеселден толық арыла алмай жүр. Тіпті, соңғы аптада сырқатқа шалдыққандар өткен аптамен салыстырғанда 9 процентке артты. 21 тұрғынымыз­дан коронавирус оң нәтиже берді. 90 адам үй жағдайындағы карантинде отыр, – дейді қалалық әлеуметтік бөлімнің басшысы Гүлмира Таңсықбаева.

Оның айтуынша, балалар мен мұғалімдердің де арасында сырқатқа шалдыққандар болыпты. Мәселен, оқу жылы басталғаннан бері 42 бала мен 6 мұғалімнен ковид оң нәтиже берген.

– Сырқатқа шалдыққандардың арасында 4 оқушы №9 мектептен болса, №25 мектеп пен №4 лицейден бір-бір оқушыдан болды. Сондай-ақ, №9 мектептің 2 мұғалімі, №5 мектептің бір мұғалімі осы кеселмен сырқаттанды. Қазір олардың бәрі сауығып шықты. Алайда, осының салдарынан қала бойынша 84 оқушы, яғни 4 сынып карантинге жабылды, – дейді Гүлмира Өміртайқызы.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл басынан бері қалада ковид оң нәтиже берген 4353 жағдай тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге көп. Дәтке қуат етерлігі, осы сырқаттардың 97 проценті сауығып шығыпты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.