Баға – бақылауда

Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук бастаған бір топ мәслихат депутаттары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жұмада бірқатар дүкендерге рейд жасады.

Сол күні қаламызға Қарағандыдан «Жасыл керуен» жәрмеңкесі келіп жеткен еді. Депутаттардың рейді осы жерден басталып, сырт­тан әкелінген тауарлардың сапасы тексерілді. Жалпы жәрмеңкеге 42 тонна өнім жеткізілді. Оның ішінде картоп – 10 тонна, сәбіз – 5 тонна, пияз – 7 және қырыққабат 500 кг. Бұл тауарлардың шектік бағасын әкімдік бекіткен болатын. Мәселен, картоптың келісі 185 теңгеден сатылса, пияз – 90, сәбіз бен қызылша – 170, қырыққабат – 160, қызанақ – 680, қияр – 480 теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ, жәрмеңкеге еліміздің оңтүстік өңірінен жеткізілген бірнеше жеміс-жидек түрлері де арзандатылған бағада сатылды. Олар – келісі 350 теңге болған алма, банан – 600 теңге, апельсин – 680, жүзім – 480-600 теңге, алмұрт – 450-650 теңге және басқалар. Рейд барысында аталмыш азық-түлік өнімдеріне қойылған бағалардың сақталуы қадағаланып, сатушыларға бекітілген бағаны тұрақты ұстап тұру керектігі ескертілді.

Осыдан соң мәслихат депутаттары Татьяна Хмилярчук, Қайрат Балмағанбетов пен Сұлтан Нарботаев халық көп баратын әлеуметтік дүкендерді аралап шықты. Мұндағы мақсат – ұн, күнбағыс майы, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, сүт, жұмыртқа, қант, тұз секілді аса қажетті азық-түлік тауарларының бүгінгі күнгі бағаларын білу және қаншалықты қымбаттағанын анықтау.

Дүкендерді аралау барысында бағалардың шамадан тыс шарықтауы байқалған жоқ. Алайда, «Ғалия-Бану» дүкендер желісін тексеру кезінде кезекте тұрған бірнеше қала тұрғыны соңғы кезде бағалардың көтерілгенін айтып, шағымданды. Әсіресе, жалғызбасты зейнеткерлер мен табысы аз адамдардың қалталары бұл бағаларды көтере алмасы анық. Өз тарапынан депутаттар бұл мәселені назарға алатынын және қолжетімді бағаны сақтау үшін әрдайым тексеріс жүргізетіндерін жеткізді.

– Азық-түлік тауарларының құнын тұрақтандыру жұмыстары әлі де жалғаса береді. Біз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын үнемі қадағалап, өз бақылауымызда ұстап отырамыз. Азықты қымбаттатқан жеке кәсіп иелері саудаларының сол тауарды жеткізген компанияның бағасына тәуелді екенін айтып ақталады. Дегенмен әлеуметтік дүкендер халық көп тұтынатын азық-түліктің құнын мөлшерден тыс көтермеуі тиіс, – деді мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.