Маңызды нысандарды аралады

Биылғы жылы қаламызда ірі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Сәтбаев қаласына келді. Жұмыс сапары барысында облыс басшысы маңызды нысандарды аралады.

Облыс әкімі бас сұққан алғашқы нысан қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан бұрынғы «Юность» стадионы болды. Бүгінде мердігер «Самат–Мұнай» ЖШС-і құрылыс және монтаждау, геодезиялық жұмыстарын бастаған. Қаламыздың шығыс бөлігіндегі спорт стадионы 70-ші жылдары бой көтеріп, ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай тұралап қалғаны белгілі. Қайта құрудан кейін оның базасында жеңіл атлетика орталығы жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта бордюрлерді төсеу, жүгіру жолын қиыршық таспен толтыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейін өңір басшысы жүзу бассейніндегі, футбол алаңындағы қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізге сала кетсек, наурыз айында бассейннің ауа тіреуішінің қирауына әкеп соққан төтенше жағдай орын алған болатын. Қазіргі уақытта футбол алаңына да ауа тіреуіш құрылымның жаңа мембранасы орнатылды. Көгалдар төселуде. Аталған жұмыстар жоспар бойынша 15 қарашада аяқталмақ. Қаламызда жеке инвестициялар есебінен көппәтерлі үйлердің құрылысы жүргізілуде. «Самға» ЖШС мердігерлік ұйымымен Сәтбаев даңғылы 104/2 мекенжайда орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. №7 шағын аудандағы 320 орындық балабақша құрылысы да аяқталуға жақын. Облыс басшысы осы сапары барысында аталған жұмыстарды пысықтап қайтты.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.