Мемлекет басшысы Ұлытау өңіріне келді

Сәрсенбінің сәтті күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Мемлекет басшысы мысты өңірге де арнайы атбасын бұрып, бірқатар нысандарды аралап, маңызды шараларға қатысты.

Президент өзінің Жезқазғандағы жұмыс сапары барысында қаладағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатында болып, заманауи құралдармен жабдықталған «Өркен-медиа», өлкетану, домбыра және арт-студия кабинеттерін аралап көріп, педагогтармен, оқушылармен әңгімелесті.

Өлкетану кабинетінде оқушылар Ұлытау өңірі мен Сарыарқаның тарихы, қасиетті орындары туралы оқиды екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы туған өлкенің және қазақ халқының тарихын білудің маңызды екенін атап өтті.

– Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиындықтарды еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, – деді Мемлекет басшысы.

Орайы келгенде айта кетейік, «Өркен» мектеп-интернаты – 900 орындық қазақ тілінде оқытатын оқу ордасы. Ол 2020 жылы салынған. Мектеп-интернатта жаратылыстану және математикалық бағыт бойынша кәсіби бағдарға негізделген салалық білім беру бағдарламалары оқытылады.

Білім беру модельдерін жүзеге асыру үшін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетімен, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетімен және Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музеймен ынтымақтастық орнатылған.

Оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін 4 спорт секциясы мен 6 үйірме ашылған.

Заманауи білім беру ошағынан кейін Президент Жәйрем кентінде жаңадан ашылған полиметалл кен байыту кешенінің жұмысын ресми түрде іске қосу рәсіміне қатысты.

Шара барысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін айтты. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда жаңа фабрика шығаратын өнім түрлері көбейеді және өндіріс көлемі 2,5 есе артып, 5 миллион тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ, өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 миллиард теңгеге көбейеді.

Жалпы, Жәйрем кенті үшін жаңа жобаның іске қосылуы жаңа өмір мен дамудың зор келешегіне жол ашпақ. Кен байыту кешені Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, «Қазмырыш» компаниясы кенттің дамуына 5 миллиард теңгеге жуық қаражат құйды. Жергілікті ауруханаға заманауи жабдықтар сатып алынып, құзыреттерді дамыту орталығы құрылды және коммуналдық саланы жаңғырту мен дамытуға жыл сайын қаржы бөлінеді.

Іс-шара соңында Президент кәсіпорынның еңбек ұжымына және осы ірі жобаны іске асыруға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.

Сол күні Мемлекет басшысы Ұлы Даланың Ұлытауына ұшып барды. Иісі қазақтың көшесіз көне астанасы һәм ашық аспан астындағы мұражайы саналатын Ұлытауда Мемлекет басшысы бірқатар тарихи орындарға тәу етіп, атбасын «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне тіреді.

P.S. Тарихи орындағы тағылымды шара мен Президенттің «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған өңірін әлеуметтік тұрғыдан дамыту және оның минералдық шикізат базасын кеңейту жөніндегі жоспарымен танысуын газетіміздің алдағы санында тарқата жазатын боламыз.

Ізтай Белгібайұлы.

Мақала «Ақорда» ресми сайтының материалдары негізінде әзірленді.

Комментарии закрыты.