Үлкен жүрек иесі

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде Халықты әлеу­меттік қорғау жүйесінің қызметкерлері күні аталып өтеді. Әлеуметтік сала – елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан, бұл салада жұмыс жасау тек мұқтаж жандарға көмек көрсетумен шектелмей, әлеуметтік саясатты жаңғыртуға өз үлесін қосуды, халықтың әл-ауқатын жақсартуда тынымсыз еңбек етуді білдіреді.

Жалғызбасты қарттардың жанынан әрқашан табылатын, олардың көңілін аулап, барынша қолдау көрсететін жандардың бірі – Мағрипа Наурызбаева – жалғызбасты зейнеткерлерге және мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметкері. Кәсіби мереке қарсаңында біз Мағрипа апаймен кездесіп, жауапкершілігі мол осы қызметі жайлы сұхбаттасқан едік.

– Мағрипа Ахмедиярқызы, әлеуметтік салада қызмет етіп жүргеніңізге қанша жыл болды?

– Мен 1993 жылдан бері әлеуметтік қыз­меткер болып жұмыс жасаймын. Биыл, міне, 28 жыл болды. Соңғы үш жыл бойы зейнетте жүрсем де, жұмысымды әлі жалғастырып келемін. Қамқорлығыма алған қарттарыма бауыр басып қалдым. Сондықтан, зейнеткерлікке шықтым деп оларды тастап кете алмаймын. Бойымда күш-қуатым барда қызметімді істей бермекпін.

– Қарамағыңызда қанша қарт кісі бар?

– Қазіргі таңда мен 8 жалғызбасты зейнеткерге үйде әлеуметтік көмек көрсетемін. Арасында екеуі өзіміздің қаракөз қарияларымыз. Көбісінің балалары есейіп, басқа қалаға көшіп кеткендіктен, бұл кісілер қараусыз қалған. Барлығының да тағдыры қиын, іштерінде жанға батар жарасы мен мұңдары бар. Біз солардың өмірін сәл де болса жеңілдетіп, көңілдерін табу үшін барымызды саламыз.

– Жұмысыңыз жайлы толығырақ айтып кетсеңіз.

– Қамқорлығымдағы осы 8 қарияның әрқайсына аптасына екі рет барып тұрамын. Үйлерін жинап, қажетті азық-түліктерін сатып алып, коммуналдық қызметтерін төлеп беремін. Ауырып қалған жағдайда дәрі-дәрмегін жеткізіп, не болмаса дәрігердің қабылдауына апарып келемін. Бірде жалғыз тұратын бір зейнеткерім түн ішінде дене қызуым көтерілді деп звондады. Мен үйдегі өзімде бар дәрілерімді ұстап, сол кісінің үйіне жүгірдім. Барып дәрісін беріп, сорпасын дайындап, жағдайы қалыпқа түскенше қасында болдым. Байқағаныңыздай, біздің жұмыс белгілі бір уақытқа емес, қарамағымыздағы қариялардың хал-жағдайына тәуелді. Қарттарға барған кезде ауа райы жақсы болса, олармен бірге далада, таза ауада бір мезгіл серуендеп те қайтамыз. Ал, төрт қабырғада қамалып отыр­ған, жүріп-тұруы қиын кісілерге барғанда көбірек әңгіме айтуға, қаламызда болып жатқан соңғы жаңалықтармен бөлісіп, барынша көңілдерін аулауға тырысамыз.

– Коронавирустық індетке байланысты әлемде жарияланған пандемия жұмысыңызға әсер етті ме? Қатаң карантиндік режим мен шектеулер кезінде қарттарыңызға қалай көмек көрсеттіңіз?

– Пандемия уақытында біздің жұмысымыз сол қалпында жалғаса берді. Қарттардың үйін аралап, көмек көрсету барысында барлық санитарлық талаптарды әлі де қатаң сақтап келеміз. Үлкен кісілердің өздері де бұл ахуалға үлкен жауапкершілікпен қарап, аурудың таралуына жол бермеу мақсатында дәрігерлердің айт­қан кеңестерін бұлжытпай орындап жүр. Бұл дүниежүзін жайлаған аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцинация. Сондықтан біз бірінші болып коронавирусқа қарсы екпе салдырғандыңдар қатарынан табылдық.

– Әңгімеңізден әлеуметтік қызметкердің атқаратын жұмысы ауыр да жауапты екенін аңғардық. Бұл жұмысқа екінің бірі шыдамайтын секілді.

– Иә, әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу, көпшілік ойлағандай оңай емес. Бұл асқан төзімділік пен сабырлылықты талап етеді. Үлкен кісілердің жүрегі нәзік, көңілшек болады. Сәл нәрсеге ренжіп, мұңайып қалады. Кейде қайғыларымен бөлісіп, жылап та алады. Осы кезде оларды жұбататын жылы сөз таба білу керек. Жандарына жылулық сыйлап, жан жақты қолдау білдіру үшін әлеуметтік қызметкер адамгершілігі мол, мейірімді, шыдамдылық таныта алатын адам болуы тиіс. Біздің өміріміз мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірімен біте қайнасып кеткен. Өзгенің тағдырына жанашырлық білдіріп, көмекке мұқтаж жандарға күні-түні қарайласып, жәрдемдесе алу үшін бұл салаға келген адамда ең алдымен мейірімге толы үлкен жүрек болу керек деп ойлаймын.

– Көпшіліктің назарына іліне бермейтін, ерекше кәсіп иесі екенсіз. Басшылық тарапынан осы жұмысыңызға лайықты құрмет көрсетіле ме?

– Әрине, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әрқашан біздің еңбегімізді тиісті бағалап келеді. Мәселен, бір жылдары маған қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, ақшалай сертификатқа да ие болғанмын. Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, «Нұр Отан» партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесім үшін Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталғам. Сонымен қатар, өзім де бір орында отырмай, білімімді шыңдау мақсатында компьютерлік сауаттылықтың толық оқу курсын бітіріп шыққан, азаматтық қызметшілердің біліктілігін арттыру семинарының бағдарламасын 16 академиялық сағат көлемінде нәтижелі аяқтағанымды куәландыратын сертификаттарым бар.

– Керемет, үнемі ізденіс үстіндегі жан екенсіз. Көмекке зәру жандардың жанашыры, сырласы, қамқоршысы болған Мағрипа апай сізге зор денсаулық пен отбасыңызға амандық тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет!

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.