ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Словенияда дзюдодан 15-17 қазан аралығында өткен Еуропа кубогы біздер үшін табысты аяқталды. Халықаралық турнирде Темірлан Кенжалиев пен Нұрайлым Сәрсенбек топ жарды. Дзюдошыларымыздың қоржынына алтын және күміс медаль түсті.

Халықаралық турнир әлемнің түкпір-түкпірінен келген 16-18 жас аралығындағы ең мықты дзюдошылардың басын қосты. Еуропа кубогында Қазақстан құрамасындағы қаламыздағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері бақ сынаған болатын. Нәтижесінде, Нұрайлым Сәрсенбек – күміс, Темірлан Кенжалиев алтын медальді қанжығасына байлады. Бұл жеңіс тынымсыз еңбек пен жаттығулардың нәтижесі. Нұрайлымның осы уақытқа дейін еліміздің байрағын көкке көтеріп жүргенін жақсы білеміз. Өз кезегінде чемпион қызымыз алдағы Азия чемпионатына қатысуға дайындалуда. Ол жерден де құр алақан қайтпай, үкілеген үмітті ақтауға бар күшін салуға ниетті. Ел намысын қорғаған жас спортшыларымыз халықаралық турнирден алған әсерімен бөлісіп, өздерін жаттықтырып, дайындаған бапкерлеріне алғыстарын білдірді. Осылайша спортшыларымыз қаламыздағы дзюдо мектебінің жоғары деңгейін лайықты түрде көрсетті. Осы жолы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Словенияда 11 алтын, 15 күміс және 13 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.