Кітапханашылар құрметтелді

Кітапханашылар күні – бұл төл мереке ғана емес, осы мамандықтың маңыздылығы мойындалатын сәт. Қызығы мен қиындығы мол мамандық иелерінің халық қазынасы кітапты қамқорлыққа алудағы еңбегі ұшан-теңіз. Көп елене бермейтін, бірақ кітап жайлы бағыт-бағдар беру үшін жан-тәнімен қызмет ететін кітапханашылар төл мерекеде құрметке бөленді.

Жарқын жиында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш мәдени шараларды ұтымды ұйымдастырып, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын, ұлт руханиятын арттыруға үлес қосқан кәсіп иелерінің бір тобын Алғыс хатпен марапаттады.

– Кітапханалар жүйесі біздің басқармамызбен тұрақты қатынас жасап, үнемі саяси-мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Олардың мәдениет ошағы деп аталуы бекер емес, – деді.

Шара шеңберінде көзге ұшырасқан келелі көріністер кіші буын өкілдерінің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға негізделген. Мәдени басқосуда кітаптың білімнің бұлағы, ілімнің күншуағы екені кезекті рет көкейге қондырылды.

– Жаһандану заманында кітап оқуға деген қызығушылықтың кенжелеп қалғаны рас. Заманның талабы – компьютер болғанымен, кітап деген қазынаның құндылығы қашан да жоғары екендігін ешқашан естен шығармаған абзал. Абай айтпақшы, артық білім – кітапта, – деген Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана басшысы Гүлнар Қожахметова кітап­ханашылар қауымының үнемі түрлі іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік бағдарламаларды және аса маңызды әлеуметтік-саяси, мәдени жобаларды насихаттаумен жүйелі түрде айналысып келе жатқанын атап айтты. Елбасы жариялаған Рухани жаңғыру және Туған жер бағдарламалары аясында да оқырмандармен табысты түрде жұмыс жасауда. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітап­ханашылардың білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы да баса айтылды осы кеште. Өркениетті елге айналуымыздың негізін қалаушы, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған парасатты мамандық иелеріне жоғары баға берілді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.