Облыстық деңгейде өтті

Қарт адамдарды әлеуметтік қолдау айлығының соңғы күндерінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласында ардагер шахматшылардың облыстық сайысы өткізілді.

Бұл сайысқа Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев, Саран қалалары мен Абай, Осакаров, Бұқар жырау аудандарының белгілі ардагер-шахматшылары қатысты. Олардың көпшілігі кезінде облыстың, қала, аудан намысын қорғаған білікті ойыншылар. Солардың ішінен ерекше атап өтуге болатын тұлға – сәтбаевтық 84 жастағы Молдағалиев Әзірбек ағамыз. Ол кісі уақытында Одақтық, республикалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз болып, шахматтан спорт шебері атағын алған, қазірде кеншілер қаласында жас шахматшыларға дәріс беріп келеді.

Осы ардагерлер арасындағы дүбірлі жарысқа қатысқан Әзірбек ағамыз шахмат өнеріне қосқан үлесі үшін облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожиннің Алғас хатымен марапатталды.
Бұл сайысқа Әзірбек ағамен бірге қаламыздың еңбек ардагері Төлебай Сәдуақасов та қатысты.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.