Саулық кепілі

Қаламыздағы индустриалдық колледжінде жергілікті спортшыларымызбен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Қонақтар оқу ордасын аралап, спорт залымен танысты. Жағымды жаңалықтарымен бөлісті.

Жаттықтырушы-оқытушы Юрий Апарин, пауэрлифтингтен Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық құрамасының негізгі құрамының мүшесі Артем Грязев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрбақыт Тобағұлов алға қойған мақсаттары, қазіргі уақытта бағындырған белестері, алғашқы марапаттары және үлкен спорттағы табыс құпиялары туралы баян етті. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, уақытын тиімді өткізуге, спортпен айналысуға шақырды. Пауэрлифтинг спортының жаттықтырушысы Юрий Апарин спорттық-сауықтыру кешенінің директоры болған. Зейнеткерлікке шыққанына алты жыл болса да үйреншікті кәсібін тастаған емес. Қазіргі таңда чемпиондарды тәрбиелеп шығаруда. Кездесуде студенттердің де қояр сұрақтары өте мол болды. Олар жеткен жетістіктері, білім ордасының тарихы туралы баяндап берді.

Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын сақтауға, жастарды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында өткізілген кездесуда орамды ойлар ортаға салынды.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.