Осылай басталған еді ненесе жастық шаққа саяхат

1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».

Бүгінде күллі әлем мойындаған ірі саяси тұлға, ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев өмірге осылайша келген еді. Оның азамат болып қалыптасуына әжесі Мырзабала ерекше еңбек сіңірді. Бала жасынан оның санасына ата-баба дәстүрі мен тарихын сіңіріп, ұлттық рухта тәрибиелеуге барын салды. Нұрсұлтан бала жасынан еңбекқор болды, үнемі әкесіне көмектесуге ұмтылды.

Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты. Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.

Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайт­кенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген», дейді ол.

Кейінірек оның әулетінде әйгілі адамдар болғаны анықталғанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан өзін халық арасынан шыққан, халыққа жан-тәнімен жақын адам деп есептейді және қазір де солай ойлайды. Халқының қаны бір перзенті ретінде ол бұл сезімнен ешқашан арылған емес, қайта жыл өткен сайын еселей түсті.

Ол сонымен қатар өзін нағыз қазақ, бабалар мәдениеті мен салттарының мұрагері, жаңа формацияның, әркімнің алдынан бұрын болмаған мүмкіндік ашатын ғылыми-техникалық прогрестің ілгері басқан жаңа дәуірінің адамы ретінде сезінді. Халықтың дәстүрлі танымы мен жаңа индустриялық дүниетаным оның жан-дүниесінде үйлесе тоғысты.

Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.

Сол кезде оның тағы бір қыры ашылып, прагматизмге қадам басты. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды. Жас Назарбаев ауқымды құрылыста жаңа үлкен өмір басталатынын, алдан жеке мүмкіндіктер мол ашылатынын қапысыз сезінді. Ол өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінді.

Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді. Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреу­лер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті.

Комментарии закрыты.