Қылқалам құдіреті

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Атом» жобасының Құрметті елшісі, халықаралық «Ядросыз болашақ үшін» сыйлығының лауреаты, Нобель сыйлығының номинанты, қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің көрмесі ашылды.

Кәріпбек Күйіковтің ата-­анасы ұзақ жыл Семей ядролық сынақ полигонынан 20 шақырым жердегі Мыржық ауылында тұрған. Егіндібұлақ елді мекеніне қоныс аударғаннан кейін 1968 жылы Кәріпбек дүниеге келеді. Ядролық сынақтың зардабынан екі қолсыз туылса да мойымай, күресе білді. Мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп интернатта оқып жүріп, алты жасында сурет әлеміне құштарлығы оянады. Қалай болғанда да сурет салудың амалын табуға тырысып, аяғымен жаттығады. Беліне үлкен күш түскендіктен дәрігерлер тыйым салады. Бейнелеу өнерінің шебері болу арманы бұл тығырықтан да шығарды. Қылқаламды аузымен тістеп алып, ой-қиялын кестелеуге машықтанды. Қайсарлығы мен төзімділігі, қарапайымдылығы туындыларынан көрініс тауып, сынақ зардабын тартқан жандарды бейнеледі. Оның алғашқы еңбегі «Жарылыс» деп аталады. 2016 жылы аталмыш туындыны Елбасымыз Н.Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға табыстайды.
1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы құрылғанда Олжас Сүлейменов суретшіні «Алматы – Хиросима» телекөпіріне қатысуға шақырады. Осы шарада тамаша еңбектері көзге түсіп, Жапон еліндегі халықаралық форумға шақырту алады. Осылайша, Токио, Хиросима, Нагасаки қалаларында өткен көрмеге картиналары қойылған Кәріпбек Күйіковтің аты әлемге танылды. Оның тісімен салған картиналары дүниежүзін шарлап, көрмесі Америка, Германия, Түркия, Қытай мемлекеттерінде ұйымдастырылды. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан тағдыр тауқыметіне ұшыраған талант иесі «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсенді қатысушысына, қажымас, қайтпас қоғам қайраткеріне айналды. Өзіне деген сенімділік пен өмірге деген құштарлық, одан бөлек қылқалам құдіреті алға жетелеп, қолсыз сурет салатын суретші бүкіл дүниежүзіне танымал болды.

Ол тағдырына ешқашан өкпе айтып, мұң шақпады. Керісінше, өмірдің бет қаратпайтын дауылдарына қарсы жүзіп, төтеп берді. Көрмедегі туындылар да өмірге деген өзгеше көзқарасының айғағы, бойында буырқанып, жүрегін жарып шыққан алапат күштің жемісі.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.