Қалжыңдары халыққа жақын

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының сахнасын әзіл әлемінің майталманы, сатираның cаңлағы саналатын «Шаншар» театры екі күн бойы күлкімен көмкерді, думанға бөледі.

«Мерейлі 60+60» концерттік бағдарламасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген театр негізін қалаушы Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның асқаралы 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылды. Көрермен көңілін қуантқан әзіл кешіне қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина арнайы қатысып, өнер майталмандарына қала басшысының құттықтауы мен сый-сияпатын жеткізді.

25 жылдан астам көпшіліктің езуіне күлкі сыйлап жүрген театр ұжымын көрермен зор қошеметпен қарсы алды. Сатира мен комедияның басын біріктірген әртістер астарлы әзілімен қоғамның өзекті мәселелерін көтерді. Театр директоры Уәлибек Әбдірайымов елді шарпыған індеттің әбігерге салғанын, онлайн концерттің көңіл көншітпейтінін, сахнаны сағынғандарын жасырмады. Әзілсүйер қауымның да қуанышында шек болған жоқ. Ерекше, өзгелерді қайталамайтын мысқылмен, астармен, улы тілмен берілген қызықты әрі салмақты қойылымдарды тамашалап, күйбең тіршілікті бір сәтке ұмытқандай күй кешті.

– Әзіл-қалжыңның жанрлық ерекшелігі тартыста, қызықты ситуацияда ғана емес, тіл өрнегінде де жатыр. Дараланған, өзгелеге ұқсамайтын кейіпкердің әрекеті күлкі шақырса, сахналық туындының жаны кіре бастайды. Әсірелеу – басты құрал. Сан қырлы, сан әуезді, сан бояулы өмір құбылыстары өнерге ықпалды әсер етіп, жаңа биіктер, жаңа шекералар белгілеп отырады. Сондықтан сатираны ақша табудың көзі етуден аулақ болуымыз керек, – дейді өнер ордасының басшысы.

Қазіргі кезеңнің көкейкесті талаптарына жауап беріп, көрерменді ащы күлкі, өткір әжуа, уытты сықақпен тәрбиелеп, эстетикалық ләззат берген өнерпаздар ел естігісі келетін тақырыптарды қозғады. Жарқын күлкіге, сан алуан комедиялық сарындарға бай, халыққа жақын қалжыңдармен тарту жасады.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.