Абзал жандар алғыс алды

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығы қарсаңында сәрсенбі күні қалалық емханада халықты жаппай вакцинациялау науқаны кезінде тынымсыз еңбек етіп, қауіпті індеттің алдын алуға зор үлесін қосқан бір топ медицина қызметкерлері марапатталды.

Салтанатты іс-шара басталмас бұрын қала әкімі Асқар Ыдырысов емханаға жақында ғана жеткізіліп, пайдалануға берілген бірнеше заманауи медициналық құрылғылармен танысты. Айта кететін жайт, былтыр пандемия кезінде біршама жақсарған қаланың медициналық мекемелерінің материалды-техникалық базасы биыл да аса қажетті жаңа техникамен толығыпты. Емхана басшысы Ғабиден Ахановтың айтуынша, жоғары деңгейде ақпарат беретін және қауіпсіз зерттеу әдісін қамтамасыз ететін бұл жаңа технологиялар диагнозды ерте анықтау мен емдеу әдісін таңдауда тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Енді жұртшылық Қарағанды, Жезқазған қалаларына бармай-ақ, өзіміздің қалалық емханадан жаңа заман талаптарына сай сапалы әрі нәтижелі медицина қызметтеріне қол жеткізе алады.

Қонақтардың назарына ұсынылған құрылғылардың бірі – гастроcкоп көмегімен өңешті, асқазанды, он екі елі ішекті зерттеуге мүмкіндік беретін фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) әдісіне арналған аппарат. Оның көмегімен дәрігер мүшенің шырышты қабатының жағдайын, өңеш ауруларын, гастритті, ойық жара ауруын, онкопатологияны дер кезінде анықтауға зор мүмкіндік алып отыр. Сондай-ақ, құны 54 миллион теңге тұратын заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппараты да енді емхана келушілері үшін қызмет ететін болады.
Офтальмология кабинеті де толық тексеру және нақты диагноз қою үшін барлық қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталыпты. Олар – көздің ішкі қысымын өлшеуге мүмкіндік беретін, қасаң қабақтың қалыңдығын өлшейтін пневмотонометр, жарақаттарды диагностикалау үшін көру органының алдыңғы және артқы сегменттерін тексеру үшін қолданатын саңылау шамы, көру өткірлігін, астигматизмді анықтауға арналған белгілер проекторы және сыну параметрлерін жоғары дәлдікпен өлшеуге қабілетті авторефкератометр секілді аппараттар.

Отоларинголог мамандарының да қуаныштарында шек жоқ. Құлақ, мұрын, тамақ ауруларын тексеріп, дер кезінде ауытқушылықтарды анықтау және емдеу шараларын өткізу үшін бұл кабинетке бағасы 29 миллион теңгенің құрылғылары орнатылды. Бұл жерде ультра жоғары жиілік терапиясын қолдану арқылы құлақ, тамақ, ауыз қуысы ауруларын, созылмалы гаймориттер, үлкейген бадамша бездер мен аденоидтарды және қабыну процесстерін емдеуге болады.

Жаңа медициналық құрылғылармен жан-жақты танысқан соң, қала әкімі емхананың мәжіліс залында өткен кездесуге қатысты. Әлемді жайлаған індетпен күресудің жалғыз жолы – екпе салдыру екені белгілі. Биылғы жылдың ақпан айынан басталған коронавирусқа қарсы елді жаппай вакцинациялау науқанында қаламыздың медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілік пен кәсіби біліктіліктерін тағы бір мәрте көрсетті. Өз өмірлерін қауіпке тігіп, ұлт денсаулығы үшін үлкен ерлік жасаған, жұқпалы індетпен әлі де күресіп жүрген денсаулық сақтау саласының мамандары жоғары құрмет пен шексіз алғысқа лайық екені сөзсіз. Осыған байланысты қала басшысы Асқар Ыдырысов халық арасында COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинация жүргізуге белсенді қатысып, адам денсаулығы мен өмірін сақтауда қосқан зор үлестері үшін бір топ медицина қызметкерлерін Алғыс хат пен арнайы 100 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапаттады. Олардың қатарында қалалық емхананың, «Лекерова» ЖШС-і мен «Ахметова» ЖШС-нің қызметкерлері, сондай-ақ, «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС филиалының учаскелік медбикесі болды.

Сонымен қатар, вакцинация жүргізу жұмысына қосқан жеке үлестері мен өз мамандығына деген адал қызметі үшін қаламыздағы медицина ұйымдарының тағы бірнеше қызметкерлеріне қала әкімінің Алғыс хаты мен 50 мың және 30 мың көлеміндегі сыйақылар табыс етілді.

Осындай салтанатты сәтті пайдаланып, Асқар Абылайұлы қалалық №1 орталық аурухананың басшысы Жомарт Ахановты 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, халықтың денсаулығын нығайту ісінде аянбай еңбек етіп, тұрғындардың игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіне зор алғыс білдірді.

Іс-шара соңында сөз алған «Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ляззат Ранова пандемия басталғалы ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан дәрігерлерге алғысын білдіріп, «бүгінгі марапат – істеген жұмысқа баға беру ғана емес, осы арқылы еңбек етуші азаматтың қарымын шыңдай түсу» екендігін атап өтіп, дәрігерлерді алдағы уақытта да өз жұмысын жоғары дәрежеде атқара беруге шақырды.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.