Айдыны айбыны бар

«Қазақстан» спорт-сауықтыру кешенінің мұз сарайында жаңа хоккей мау­сымы салтанатты түрде ашылды. Айтулы шарада қала басшысы Асқар Ыдырысов та бой көрсетті.

Мұз айдыны бардың спортта айбыны бар. Қаламызда бұл тұрғыда қысқы спорт түрлері даму үстінде. Жаңа маусымда шайбалы хоккейден турнир өтіп, жергілікті «Ястребы» және «Сатпаевские волки» командалары өнер көрсетті. Қала әкімі аталған спорт түріне өзінің оң көзқарасын іспен дәлелдеді. Бұқаралық спорттың жолдастық кездесуінде «Сатпаевские волки» командасымен бірге ойын көрсетті. Ерік-жігерді шыңдап, шымыр болуға баулитын хоккейден жерлестеріміз республикалық, облыстық жарыстардан абыройлы оралып жүр. Хоккейге қызығатын балалар қатары артуда. Жаттықтырушы Егор Сергеевтің тәрбиеленушілері Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР чемпионатының екінші маусымына қатысып, чемпион атанды. Ал, «Сатпаевские волки-2005» командасының ойыншылары 2018-2019 жылы ҚР Чемпионатында қола жүлдегер атанды. Жолдастық кездесуде бірінші орынға ие болған «Сатпаевские волки» командасы қала әкімінің Құрмет грамотасы және кубогымен марапатталды.

Қаламызда спортқа ден қойған адамдар саны жылдан жылға арта түсуде. Олардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалуда. Өткен аптада жаңартылған футбол алаңы ашылғаны белгілі. Жүзу бассейнінің қолданысқа берілетін күні де алыс емес.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.