Қос қуаныш қатар келді

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын» айта кеткен болатын. Еліміз үшін осындай аса маңызды кезеңге аяқ баса отырып, біз өткенімізді ұмытпай, азаттықтың ақ таңына небір сұрапыл шайқастарды өткеріп, қаншама кедергілерді еңсере қол жеткізгенімізді есте сақтауымыз керек.

Ғасырлар бойы аңсаған еркіндікке жетіп, еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған кезде сол елеулі оқиғамен сәйкестендіріп, бақытты отбасын құруға ниет білдірген жастар да баршылық еді. Солардың бірі – қиындығы мен қуанышы қатар жүрген сол бір 90-шы жылдардың басында шаңырақ көтерген, 30 жыл бойы аяулы сезімдерін сақтап, бүгінде Маржан той иелері атанған Ғабиден мен Жанар Ибраевтар.

Ғабиден Ибраев 1973 жылы соғыс және еңбек ардагері Назымбек Ибраевтың отбасында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен, еңбек жолын Солтүстік Жезқазған кенішінің жұмыскері болып бастап кетті. Қазіргі таңда осы кеніштің экскаватор машинисті қызметін атқаруда. Адал еңбегі мен өз ісінің шебері ретінде берілген жоспарды уақытылы орындағаны үшін бірнеше рет Құрмет грамоталармен марапатталып, ІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен наградталған. Ал, жұбайы Жанар Ибраева оқу бітіре салып орналасқан жұмысына, жүрек қалауымен таңдаған мамандығына әлі күнге дейін адал қызмет етуде. Ол – қаламыздағы №7 «Алпамыс» балабақшасының тәрбиешісі.

Көп жылғы еңбегі еленіп, тәжірибелі тәрбиеші басшылық тарапынан «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Кемел» өнер-білім орталығының «Тәуелсіздікке – 30 жыл» медалімен, сондай-ақ, бірқатар Мақтау қағаздары мен Грамоталармен марапатталған.

Өмірдің қызығы мен шыжығын, тәттісі мен ащысын бірге бөлісіп, шаңырақтың бірлігін сақтаған үлгілі отбасында 4 ұл дүниеге келіп, бүгінгі таңда олар – 5 немере сүйіп, отансүйгіш, еңбекқор ұрпақ өсіріп отырған ардақты ата, асыл әже. Олардың тәлім-тәрбиеге, тағылымға мол өмірлері ел-жұртқа – өнеге, өскелең жастарға – үлгі.

Егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында Сәтбаев қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен өткен аптада неке сарайында аталмыш маржан той иелеріне және Тәуелсіздік мерекесімен қатар неке қию рәсімін өткізгелі отырған жас жұбайларға арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күні отасқандарына 30 жыл болған Ғабиден мен Жанар Ибраевтар құрметті мерейтой иелері кітабына қол қойса, жас отбасы Амангелді Байконуров пен Еркеназ Сүйіндікова некеге тұру құжатына қол қойып, өздерінің тілектерін ресми түрде бекітті.

Мерекелік іс-шараға арнайы келген қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина барша жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, Маржан той иелері мен жас жұбайларға Құттықтау хат пен естелікке сыйлық табыстады.

– «Отан отбасынан басталады» демекші, Амангелді мен Еркеназ, бүгін сіздер шағын мемлекет құрып, өз алдарыңызға отау тіктіңіздер. Сіздер құрған жас мемлекет Тәуелсіз Отанымыз Қазақстан секілді бай-қуатты, тату-тәтті, бейбіт әрі бақытты болуына тілектеспін. Үйлену – тек неке қию емес, бұл екі жастың бір-біріне тағдырларын сеніп тапсыруы. Отбасын құру – өте үлкен жауапкершілікті жүктейтін іс. Сондықтан жұптарың жазылмай, бір-біріңе деген сезімдеріңіз мәңгілік, тілектеріңіз бір, бақыттарыңыз баянды болсын. Ата-аналарыңның үмітін ақтап, туыс-туған мен достарыңа сыйлы, үлгілі жанұя атаныңдар, – деді Айгүл Қосманқызы.

Сәтбаев қаласының АХАТ бөлімінің бастығы Алмагүл Әлімбаева жас жұбайларға неке қию туралы мемлекеттік куәлікті салтанатты түрде табыстап, жаңа өмірге қос аққудай қол ұстасып бірге аттанған жастарға бақыт тіледі. Сонымен қатар, жас жұбайларға деген жылы лебіздерін екі жақтың ата-анасы, туған-туыстары мен жолдастары да жеткізді.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.