Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту еткен

Қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық қазіргі қоғамда баға жетпес құндылыққа айналды. Десек те, жомарт жүректі жандар арамызда аз емес. Оны «Мейірім шуағы» қайырымдылық керуеніне ілесіп, қаламыздың өркендеуіне елеулі үлес қосып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысып жүрген азаматтардың көптігінен байқауға болады. Міне, тәуелсіздіктің торқалы тойында олардың аты аталынды. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайындағы жиында «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары алғыс пен құрметке бөленді.

Бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, азаматтардың белсенділігін, қайырымдылық қызмет, мейірбандық идеяларын танымал ету мақсатындағы шараның шымылдығын қала басшысы Асқар Ыдырысов ашып, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту еткендерге алғыс білдірді. Көкірегі қаяулы, жаны жаралы жандардың жасын сүртіп жүрген «Технодом» сауда-дүкендер желісінің филиалы «Мейірім шуағы» қайырымдылық керуенін бірінші болып бастап, екі отбасыға теледидар тарту етті. Мұнан соң «30 игі іс» акциясы аясында отыз мыңнан отыз отбасыға сертификат тапсырылды. Жақсылықтың рухын шашып, айналаны нұрландырған шарада армандар ақиқатқа айналғандай. Азамат Онбаев көптен күткен мүгедектер арбасына қол жеткізсе, Сұлтан Жұмағали смартфонға ие болды.

Тұрғындардың әлеуетін арттырып, мұқтаждарға жәрдемдескен бір топ еріктілерді қалалық меценаттар клубының төрайымы Меруерт Бақбергенова «Ерен ерікті» номинациясымен марапаттады. Олардың қатарында Арай Бірімғазина, Ботакөз Дүйсенбина, Ақбота Еркін, Алмас Аширбаев, Бауыржан Тайманов, Қайсар Бимұратов, Дәулет Сейтпеков, Анжелла Кондратова бар. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қамқорлық пен мейірбандық танытқан ұжымдар «Жылдың үздік ұжымы» аталымына сай деп табылды. Номинация жеңімпаздары қатарында Қыпшақ-Есенғұл ата ұрпақтары, «Даму» дизайн студиясы, «Технодом» сауда-дүкендер желісінің филиалы, «КазЭнергоЦентр» ЖШС болды. Олар сахна төріне шақырылып, елдік ұстанымдары кеңінен насихатталып, ұрпаққа үлгі етілді. Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген махаббаттан басталатыны белгілі. Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында бағдарламаны жүзеге асыруға елім, жерім деген әр азаматтың үлес қосуы керектігін атап айтты. Осы тұрғыда әлеуметтік маңызы бар жобаларды сәтті іске асырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ-нің Сәтбаев филиалы, «Ауған-Тәжік ардагерлерінің кеңесі» ҚБ, «Лапиза» дәмханасы, «Аяулым» ҚБ, кәсіпкер Ғалымжан Нұрпейісов, полиция капитаны Қайрат Смағұлов «Туған өлке» аталымын иеленді. Қаламызды абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын қайтақұрылымдауға атсалысқан, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келе жатқан жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Ержан Тоқымбаев пен Полиция бөлімі бастығының орынбасары Алдияр Әбішев “Жыл тұлғасы” атанды. Ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Жастар-Болашақ» ұйымының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Луиза Мыңбаеваға «Жыл меценаты» номинациясы табысталды. Нарықтың қатал заңына қарамастан, өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосқан жанашыр азаматтар дәріптелген шарада Агзамовтар отбасына үш бөлмелі пәтер кілті табыс етілді. Осылайша, ел мүддесін бәрінен биік қойып, атамекеннің абыройын асырғандар мейірімділік пен кеңдіктің өлшемін айқындап берді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.