Жалынды жастар слеті

Егемендігіміздің 30 жылдығына орай өткен жұмада Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында «Тәуелсіз елдің тірегі – жалынды жастар» атты Сәтбаев қаласы жастарының слеті өтті. Салтанатты жиында қаламыздың белсенді үздік жастарын, еңбек озаттары мен еріктілерді марапаттаумен қатар, әкімнің жас кәсіпкерлерді қолдау грантын табыстау рәсімі де өткізілді.

Мерекелік іс-шара қала жастарының бастамаларын ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, еріктілер қозғалысын дамыту, жастардың шығармашылық әлеуетін анықтау, олардың бойында патриотизмді қалыптастыру және азаматтық жауапкершіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынды құттықтау сөзбен қала әкімі Асқар Ыдырысов ашып, қаламыздың өсіп-өркендеп, үлкен жетістіктерге жетуінде жастардың да өлшеусіз еңбегі, қосқан елеулі үлестері бар екендігін айтып өтті.

– Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын өкілдері – еліміздің жаңа келбетін қалыптастыратын қоғамның жетекші күші. Біздің қалада 18 бен 30 жас аралығын қамтитын 15 мыңнан астам жастар бар. Олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуі үшін барынша жағдай жасалған. Ұлттық рухани құндылықтарымызды, салт-дәстүріміз бен тарихымызды дәріптейтін көптеген мәдени нысандар бой көтеріп, асыл мұраларымыз жаңғыртылуда. Жергілікті руханияттан сусындаған жастарымыз қаламыздың атын облыс, республика деңгейіне абыроймен алып шығуда. Мәдениетпен қатар спорт нысандары да қала жастары үшін жұмыс жасауда. Жақында ғана қолданысқа қайта жөндеуден өткен футбол алаңы берілді. Сондай-ақ, мұз айдынының жаңа маусымы ашылды. Аулалар мен саябақтарда ашық аспан астында спортпен айналысу үшін көптеген жаттығу алаңдары орнатылған. Алдағы уақытта жүзу бассейні де қолданысқа беріледі. Кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар да қаламызда тиісті деңгейде жүзеге асырылу үстінде. Бизнес ашып, кәсіпкер боламын деушілерге екі жыл қатарынан «Жексенбілік бизнес мектебі» жұмыс жасауда. Осы мектептің 15 түлегі бүгінгі таңда кәсіптерін дөңгелетіп, табысқа жетуде. Қай кезде де тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, орнықты пікірлері мен алғыр шешімдері керек. Біз жастардың жалынды жігерімен болашақтың іргетасын бірге қалауға, қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, – деді Асқар Абылайұлы.

Осыдан соң қала басшысы Қарағанды облысы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға арналған 1 миллион теңге көлеміндегі грантын жеңіп алған жерлесіміз Дәулет Байменовқа сертификат табыстады. Сонымен қатар, әр түрлі салада өзінің білімі мен білігін танытқан, өз ісінің шебері атанған, игі бастама мен жаңашыл идеяларға ұмтылған бірқатар жас буын өкілдерін Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция капитаны Аясын Арыстанбеков, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әйгерім Мұздыбай, қалалық өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Атымтай Ғабдуллахит, ауыр атлетикадан жеті дүркін Қазақстан чемпионы Артем Грязев және Оңтүстік Жезқазған кеніші №45 шахтасының участке бастығының орынбасары Жанат Усейнов болды.

Ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, олардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатында былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Соның аясында жастарымыз көптеген қайырымдылық жобаларға атсалысып, игі бастамаларға ұйытқы болып, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсатуға, пандемия уақытындағы ахуалды тұрақтандыруға зор үлестерін қосты. Еріктілікпен айналысу – патриотизмнің жарқын бір көрінісі болғандықтан, еріктілер қызметін дамыту, қайырымдылық пен меценаттыққа қолдау көрсету мемлекетіміздің ұзақ мерзімді басымдылығы болып табылады.

Осыған байланысты салтанатты іс-шарада қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина мен «Nur Otan» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Балмағамбетов қаламызда еріктілер қозғалысына белсенді қатысқан бір топ еріктілерді Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, жастар саясатын дамытуға қосқан баға жетпес еңбектері үшін ризашылықтарын білдірді.

Ел игілігі жолындағы еселі еңбекке талпынған, тыңғылықты ізденісі арқылы өміршең жобаларды қолға алған әрбір жас әрқашан билік тарапынан қолдауға ие болуда. Сол себептен бәсекеге қабілетті, білімді жастардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде әкім гранты тағайындалады. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп жүрген бұл бастама биыл үшінші рет өткізілуде. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамытуға арналған қаржылық грантқа қаламыздың 23 белсенді жастары қол жеткізді. Оның ішінде 12 адам 500 мың теңге, 6 адам 750 мың теңге, төртеуі 1 миллион теңге және біреуі 2 миллион теңгенің грантына ие болды. Соңғы сертификаттың жеңімпазы атанған жас кәсіпкер Мөлдір Әбсалық қала әкімінің 2 миллион теңге көлеміндегі грантына қаламызда медициналық оңалту орталығын ашу жоспарлауда.

Мерекелік жиын соңында қала басшысы барлық грант иегерлерін жеңістерімен құттықтап, әрқайсына бизнес жобаларының нәтижелі, әрі табысты болуына тілектестік білдірді.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.