ВАКЦИНА мен РЕВАКЦИНА ең тиімді қорғаныс

Сәтбаев қаласындағы «Лекерова» ЖШС-ның аға дәрігері Орынтай Лекерова вакцина мен ревакцина бәрімізді COVID-19-дың ауыр формасынан қорғайды дейді.

Дәрігердің айтуынша, сәтбаевтықтар карантиндік қатаң шектеулердің алынып тасталғанын пайдаланып, босаңсып, кісі аяғы көп жиналатын орындарға жиі бара бастаған. Бетперде тағуды да тоқтатып, әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды. Осы орайда, маман коронавирусқа қатысты жағдай әлі де қауіпті екенін, адамдар күн сайын ауырып жатқанын айтып отыр. Сондықтан, қалыпты өмірге оралу үшін ковидке қарсы екпе алу қажеттігін баса айтты.

– Коронавирустың жаңа толқыны мен індеттің бас көтермеуі, әсіресе, адамдардың өзіне және олардың вакцинаға деген көзқарасына байланысты. Вакциналардың иммунитетке зияны жоқ екенін түсіну керек. Олар антиденелер түзіп, ағзаны қорғайды, – дейді Орынтай Дүйсенбайқызы.

Дәрігер коронавирус қарттарда да, жастарда да көптеген асқынулар тудыратынын еске салды. Сондықтан 12 жастан асқан жасөспірімдерді де вакциналауды жалғастыру өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені, олардың да жетіліп, бойы мен салмағы бойынша ересек адам қатарына жақындап келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, оларды егу иммундық қабатты нығайтуға көмектеседі.

– Жасөспірімдердің әлеуметтік байланыс ауқымы кең, олар түрлі секцияларға, мектепке барады. Иә, олардың көпшілігі вирусты оңай жұқтырады, жеңіл өткеруі де мүмкін. Бірақ бұл қатты ауырмайды, індеті асқынбайды деген сөз емес. Сонымен қатар, олар кішкентай сәбилерге, жүкті әйелдер мен қарттарға жұқтыратын тасымалдаушы болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерді вакциналау инфекцияның таралуын бәсеңдетуге көмектеседі, – деді дәрігер.

О.Лекерова COVID-19 вакцинасын алғаннан кейін ауырып қалу болатындығын жоққа шығармайды. Алайда, ол өте сирек кездеседі. Жалпы, вакцина қабылдағаннан кейін пайда болатын антиденелердің қорғанысы жоғары дейді маман.

Дәрігер-маманның сөзінше, бүгінгі таңда ковид жұқтырып, аурухана төсегінде жатқандар мен өкпеге жел жіберу аппараттарына қосылған пациенттердің басым көпшілігі вакцина алмағандар. Сондықтан ең жақсы және тиімді қорғаныс вакцинаның тек екі компоненті ғана емес, сонымен қатар жаңа антиденелердің пайда болуын ынталандыратын ревакцина алу да маңызды.

– Бұл процедура денені қауіпті вирустық инфекциялардан қорғайтын ең тиімді әдіс болып саналады. Мысалы, біз бала кезімізде вакциналандық. Балалық шақта жасалған кейбір екпелер мезгіл-мезгіл қайталануы керек. Ал қайта егу иммундық жүйенің белгілі бір қоздырғыштарға реакциясын сенімді түрде бекітуге мүмкіндік береді, – деді «Лекерова» ЖШС-ның аға дәрігері Орынтай Лекерова брифингте.

Оның айтуынша, бұл жағдайда антиденелер деңгейі ревакциналау шешіміне әсер етуі мүмкін емес. Үшінші вакцинаны вакциналаудан кейін 6 және 9 айдан кейін алуға болады.

Комментарии закрыты.