Құрмет төрінде – тәртіп сақшылары

Тәуелсіздік күні – мемлекетіміз үшін мәртебесі биік, маңызы терең, қастерлі мереке. Халқымызға ғасырлар бойы арман болған азаттық, егемендік ұғымдарын биікке көтеретін бұл күн – әрбір Қазақстан азаматы үшін қасиетті. Бұрынғы заманда елдің біртұтастығы мен бірлігін хан-сұлтандар мен батырларымыз асқан шеберлік пен ерен ерліктерімен сақтаса, бүгінгі күні ел қауіпсіздігі мен тыныштығы – қазіргі заманның қаһармандары тәртіп сақшыларының қолында.

Мемлекетіміздің тұғыры нығайып, егемендіктің керегесі кеңейген жылдарда Отанымыздың өсіп-өркендеуіне ішкі істер органдарының да қосқан үлесі орасан зор. Осы орайда күндіз-түні адал қызмет пен қажырлы еңбек етіп, қылмыспен күрес жолында кәсіби біліктіліктерін танытып жүрген Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері де Тәуелсіздік мерекесін ауқымды іс-шарамен атап өтті.

Мерейі үстем ұлық мейрамды тойлау салтанаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау кезінде бейбіт заманда қызмет барысында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған Мәңгілік ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Бөлімнің мәжіліс залында өткен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Нұрлы Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік іс-шараға жергілікті билік өкілдері, ішкі істер саласының ардагерлері, бөлім басшылары мен жеке құрам қатысты.

Алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Шапағат Әубәкір жиналғандарды айтулы күнмен құттықтап, қоғамдық тәртіпті сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғысын білдірді.

– Тәуелсіздігімізді жария­лағаннан бері біз көптеген елеулі табыстарға, ұшан-теңіз жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақстан алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Бұл – елімізде жүргізіліп отырған парасатты, көреген саясаттың нәтижесі. Осындай биіктіктерді бағындырып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жатқан азаматтардың қатарында әрине, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлері де бар. Сіздер, өз қызметтік міндеттеріңізді атқаруға адалдық танытып, халық арасында сақтық жұмысын жүргізіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғап жүрсіздер. Еліміздің қорғандары – полиция қызметкерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, қызметтеріңізге сәттілік пен абырой тілейміз, – дей келе, әкім орынбасары қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасымен бір топ қызметкерлерді марапаттады.

Жиналған қауымды мерекелерімен келесі болып қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақов құттықтап, ішкі істер органдарында көп жыл еңбек еткен әріптестері, бөлімнің бұрынғы басшысы Жандос Қарабеков пен полиция аға лейтенанты Орынбасар Саруарды құрметті демалысқа салтанатты түрде шығарып салып, оларға естелікке бағалы сыйлықтар табыстады. Одан әрі белсенді азаматтық ұстанымы, жоғары моральдық қасиеттері және құқықбұзушылықтардың алдын алуға қатысқаны, жаңа қоғамдағы жастарды патриотизмге тәрбиелегені үшін ішкі істер органдарының ардагерлерін Сәтбаев қаласы полиция бөлімі бастығының Алғыс хатымен марапаттады.

Жиын барысында ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің атынан Жанат Абушахман мен Жәнібек Алпысбайға алғыс жарияланды. Сонымен қатар, еліміздің өркендеуі жолында қалтқысыз әрі табысты қызмет етіп жүрген бөлімнің бір топ азаматтары Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының Грамотасын және Алғыс хатын иеленді.

Отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді жастардың бойына дарыту, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу әрбір өткізіліп жатқан іс-шаралардың басты мақсаты болып табылады. Мемлекеттік мерекелер аясында салтанатты түрде төлқұжат, куәлік тапсыру – бүгінгі таңда дәстүрлі іс-шараға айналуда. Бұл жолы да жастары енді ғана 16-ға толған сәтбаевтық екі жас өрен Нұрасыл Қазыбек пен Аружан Еламан өздерінің жеке куәліктерін полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Роллан Ильдебаевтың қолынан салтанатты түрде алды.

Жақында қаламызда өткен «Жомарт жүрек» қайырымдылық іс-шарасында полиция бөлімінің бірқатар қызметкерлері түрлі номинациялар бойынша жүлделі атанған болатын. Олардың ішінде, «Ерен ерікті» номинациясын қаланың әлеуетін арттырып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық жасауға өз үлесін қосқаны үшін Ботакөз Дүйсенбина жеңіп алса, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырғандары үшін Гүлнар Жалмурзинова мен Қайрат Смагуловқа «Туған өлке» номинациясы табысталды. Ал, «Жыл тұлғасы» атты басты номинация белсенді азаматтық ұстанымы үшін полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алдияр Абишевке берілді.

Іс-шара соңында ағымдағы жылдың он екі айында нәтижелі еңбек атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің бірнеше қызметкерлеріне ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай тағайындалған «Кәсібінің үздігі» номинациясы табысталды. Сондай-ақ, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы меценаттар, тәлімгерлер және қайырымдылық жасаушылар клубының мүшесі, қалалық меценаттар клубының төрағасы Меруерт Бақбергенова ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін «Халық жанашыры» номинациясына ие болды.

Салтанатты жиын Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламамен және мерекелік дастарханмен өз жалғасын тапты.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.