Ұлттық тәрбиені ұлықтаған спортшы

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің екі дүркін чемпионы және әлем кубогының иегері Ардақ Назаров қаламыздың жастарымен кездесіп, ұлттық рух, имандылық, адамгершілік, отансүйгіштік, шыншылдық турасындағы ойымен бөлісті.

Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, Еуразияның екі мәрте чемпионы, Азия чемпионы, Еуропа-Азия матчтық кездесуінің жеңімпазы, Санкт-Петербор, Бішкек, Владивосток, Сеул қалаларында өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы өнегелі лекция түрінде өткен кездесуде ұлттық тәрбиені ұлықтады. Иман, білім, тәрбие, талапшылдық пен күшті ерік-жігердің арқасында алынбас қамалдарды бағындыруға болатынын атап айтты.

Бүгінгі күннің батырларын жақсылық жасауға шақырған спортшы шешендігімен, ой-өресінің биіктігімен, жыраулық өнерімен таңқалдырды. «Спортшылар дөрекі, ойлау қабілеті төмен, сөзге шорқақ» деген пікірімізден біржолата айнып қалғандай болдық. Ісімен ғана емес, сөйлеу мәнерімен, мәдениетімен, білімімен сүйсіндірген спортшы жастарды бірден баурап алды. Тіпті ол өзінің мектебінде шынығып жүрген шәкірттерін кітап оқуға баулып, рухани жағынан да тәрбие беруде. Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, талай мәрте тартысты бәсекелерде биік тұғырдан көрінген білекті де жүректі жігіт өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Әсерлі әңгімесімен жастарды жігерлендіріп, ата-баба дәстүрін сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отанды сүю, ата-ананы қадыр тұту, досқа адал болу, ұстазды құрметтеу турасында насихат айтты.

Өмірлік ұстанымдары турасында сыр шертіп, азамат болып қалыптасудың қағидаларын тілге тиек етті. Келер ұрпақты бос уақытын бос тірлікке құртпай, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

– Қоғам тірегі бола білуіміз керек. Ұрпақ тәрбиесінде ер-азаматтың орны бөлек. Әкем бала кезімнен ұрлық жасамауға, ешкімнің ала жібін аттамауға, өтірік айтпауға үйретті. Қанша қиындық көрсек те ешкімге қиянат жасағанымыз жоқ. Тек маңдай термен, адал еңбекпен мал таптық. Мұның барлығы ата-ананың еңбегі, – деген чемпион 1980 жылы Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген. Спортқа бала күнінен құмар. Ата-баба дәстүрімен сабақтасқан өнегелі тәлім-тәрбие оның өмірінің бағдаршамы іспетті болды. Осының дәлеліндей батыр бабаларымыздың ерлігі туралы қиссаларды жатқа айтып, тек спорт емес, тарих пен әдебиетке де тереңнен ден қойғандығын танытты.

– Алла Тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Дүние бүгін бар, ертең жоқ. Бірақ, адамзатты сұлулықпен, мансаппен, байлықпен, дүниемен өлшеуге болмайды. Адамзаттың өлшемі – оның руханиятында, тектілігінде, мәрттігінде, адами құндылығында, – деп қорытындылады сөзін.

Спортшыға ұқсағысы келетін жастар кездесуден үлкен әсер алғандығын жасыра алмады. Оның адалдығына, терең ойлы тұлғасына тәнті болып тарқасты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.