Мереке күні дүниеге келді

Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойы күні Сәтбаев қаласында бір нәресте дүниеге келді. Айтулы күні қала әкімі Асқар Ыдырысов қалалық перзентханаға арнайы барып, анасы мен сәбиді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап қайтты.

Бұл күні жас ана Ақкербез Жайылханова дүниеге шыр етіп қыз баланы әкелді. Салмағы 2880 грамм, бойы 50 см болып туылған сәбиге ата-анасы Айзере есімін берді. Асқаров Асхат пен Ақкербездің отбастарындағы бұл екінші бала, тұңғыштары Кәусар қазір 1,5 жаста.

Еліміздің ең басты мерекесіне қуанышы тұспа-тұс келген жас анаға қала басшысы зор денсаулық тілеп, құттықтау хат, ақшалай сыйақы және жаңа туған нәрестеге арналған жиынтықты табыстады. Сонымен қатар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында және ана мен баланы қолдау мақсатында жаңа туған балалардың ата-аналарына берілетін «Сүйінші» baby-боксы бар екендігін айтты. Сәбилерге арналған түрлі керек-жарақтар мен гигиена құралдары салынған аталмыш сыйлық қорапшасы жақында Асхат пен Ақкербездің үйлеріне жеткізілетін болады.

Өз тарапынан жас ана да келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, айтулы мерекемен құттықтады.

– Осындай ұлы күні сәбиімнің дүниеге келгеніне қуаныштымын. Өмірге алғашқы келген күннен бастап балам үлкен құрметке бөленіп жатыр. Сіздерге білдірген ілтипаттарыңызға алғыс айта отырып, барлық сәтбаевтықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміздің туы асқақтап, болашағы кемел болсын, береке-бірлігіміз артып, халқымыздың дәулеті аса берсін, – деп ақ тілегін жеткізді Ақкербез Жайылханова.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.