Ақынның аты ардақталды

Жыл сайынғы дәстүр бойынша орталықтандырылған кітапханада ақын Тоқтар Ерсейітовті еске алуға арналған әдеби кеш өтті. Жиынға әдебиет және мәдениет өкілдері қатысып, ақынның жары мен балалары да бой көрсетті.

«Жоғалмайтын жұлдыздар» жобасы аясында ұйымдастырылған ақын Тоқтар Ерсейітовті еске алуға арналған жиынды «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов жүргізді. Осыдан он жыл бұрын өмірден озған ақынның өмір жолынан ақпарат беріліп, баяндама жасалды. Оның өлеңдері жергілікті «Шарайна», «Сарыарқа», «Мысты өңір» газеттерінде жарияланып тұрды. Сол дүниелері 2000 жылы «Ұлытаудың ұлымын» деген кітапқа айналған болатын. Өмірден өткен соң да соңында қалған шығармалары «Байғазы», «Сәтбаев — достықтың қаласы» топтамаларына енгізілді. Қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Аманкелді Құрақбай аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Кезінде елге еңбегі сіңген, бірақ, әлдебір себептерге байланысты есімі көмескілене бастаған тұлғаларды халықтың жадында қайта жаңғырту, жас ұрпаққа таныстыру — өте игілікті шара. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табатындығы сөзсіз, – деді ол.

Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов, ардагер-ұстаз Ағайша Сәдуақасова, журналист, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты Мәди Әлжаппаров Тоқтар Ерсейітов туралы естеліктерімен бөлісті. Ақынға арналған бейнероликті тамашалады. №16 мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, Тоқтар Ерсейітовтің өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Бірнеше өлеңіне жергілікті композитор Мұрат Сейтенов ән жазған болатын. Мысалы, «Әнші балапан» әнін кезінде жүргізуші Рабиға Аманжолованың сүйсіне орындағаны көпшіліктің жадында болуы тиіс. Осы әнді кеш барысында Айнұр Аманжол тамылжыта шырқады. Сондай ақ, «Ақмола — астанам», «Көктем таңы» әндерін Тоқтар Ерсейітовтің немересі, бірнеше ән байқауларының жеңімпазы, Б.Момышұлы атындағы №1 мектеп-гимназиясының оқу озаты Нұржан Әбілхан нақышына келтіре орындады. Кеш соңында ақын рухына Құран бағышталды. Ақынның жары Бөпежан Жуканова мен балалары ұйымдастырушы «Шындық» қоғамдық бірлестігіне, ішкі саясат бөліміне алғысын жеткізді. «Жоғалмайтын жұлдыздар» 3-4 жылдың көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан мәнін жоғалтпаған жоба. «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов тек әдебиет саласының ғана емес, қаламыздың дамуына үлес қосқан тұлғалардың да аты осы жоба арқылы ұлықталатындығын жеткізді.

Еркеназ ШОҚАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.