Жарқын армандарға жетеледі

Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Балдырғандарды сиқырлы ертегілер әлеміне жетелейтін шара өткен жылдан бері пандемияға байланысты тоқтатылған болатын. Биыл қаламыздағы «Мұрагер» мейрамханасының иесі Меруерт Жағыпарова ерекше жағдайдағы балалар үшін жасыл шыршаның шамын жағып, оларды қуанышқа бөледі.

Ертегі кейіпкерлерімен бірге ертегілер әлеміне енген балақайлардың шат-шадыман көңіліне куә болып, ақжарма лебізін жеткізді.

– Бұл өмірде балалардың жүзінен нұр шашып, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Байтақ еліміздің барлық өңірінде өздеріңдей өнегелі балалар Жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналуда. Сондықтан да, осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Ендеше, келер жылда ұшқыр арман-қиял мен ақ тілек-ниеттер орындалсын. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын! – деді.

Жасыл шыршаны айналған балалар шаттыққа бөленіп, арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар шығып, олардың өнерін тамашалап, сыйлық үлестірді. Ескі сиыр жылын ризашылықпен шығарып салған балақайлар барыс жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Мәні мен әні, талғамы мен сәні келіскен думанда салтанатты дастархан жайылды. Болашаққа жарқын армандар мен жаңа мақсаттар сыйлап, әдемі отырыс ұйымдастырған кең пейілді, дархан жүректі аға-апайларына балдырғандар шын жүректен алғыс айтты.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.