Еңбекпен ерлеген, күн сайын гүлденген Сәтбаев! (2)

11-1-1

Қала күніне арналған салтанатты жиыннан соң қала әкімі Әнуар Омар, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Сабырғали Ыдырысов бастаған қонақтар академик Қ.И.Сәтбаев атындағы даңғылға бет алды. Шаһар жұртшылығы мерекені тойлап жатқан басты көшеде құрметті меймандар Оқушылар сарайы мен балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Сәтбаев – арман қала» шығармашылық жұмыстар көрмесін және қала мектептерінің «Күз сыйы» көрмесін тамашалады. Оқушылар жұмыстарында арман-қиялдарынан туған шығармашылықтарын қағаз бетіне түсіріп, күздің тартуы – бау-бақша өнімдерінен көз тартарлық туындылар жасаған. Қала басшысы балалардың ізденістеріне өз ризашылығын білдірді.

11-1-2

Кеншілер қаласының мерекесіне арнап №1 мектеп-гимназия, №7 орта мектеп, «Тазалық-2020» ЖШС, кәсіпкерлер қауымдастығы мен қалалық емхана орталық алаңға киіз үй тігіп, мерекені тойлаушы қала тұрғындары мен қонақтарына әннен шашу шашып, мереке көркін қыздырды.

Бұл күні спорттық жарыстар, атап айтқанда, арқан тарту, асық ойнау, кір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан жарысқа түскендердің қатары аз болмады. Сондай-ақ, 1998-99 және 2000 жылы туған жасөспірімдер қазақша күрестен боз кілемде белдесті. Қалалық жарыс деңгейінде өткен бұл белдесуде Сәтбаев-Жезқазған қалаларынан спорттың осы түрін серік етіп жүрген жүзге тарта жас өрен өзара бақ сынады. Ойынның барлық түрінен жеңімпаз атанғандарға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Мерейлі мереке кешкілік үрмелі аспаптар оркестрінің концерті мен қала мектептері оқушыларының «Жасай бер, туған қалам Сәтбаев» тақырыбында өткен флеш мобқа ұласты.

Одан кейін, «Сәтбаев – сәнді өлкем» театрландырылған қойылымы көпшілік назарына ұсынылып, онда қаланың құрылу, даму жылдары, осы қаланың бой түзеуінің бастауында тұрған академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ерен ерлігі тілге тиек етілді.

Жиналған көпшілік жергілікті өнерпаздардың, сондай-ақ, Қарағанды қаласынан арнайы шақыртылған әншілердің өнерлерін тамашалады. Қала күніне арналған концерттік бағдарламаның шырайын қазақстандық эстрада жұлдыздары Ерлан Орынбасаров пен Алтынай Жорабаеваның орындауындағы әсем әндер келтірді.

Шаһар мерекесіне арналған бұл концерттік бағдарламаны тамашалауға қала басшысы Әнуар Омар, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директорының міндетін атқарушы Талғат Мағзұмов, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай және мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Мерекелік концерттің соңы от шашуға ұласты.

Кенді қаланың мерейлі мерекесін атап өту сенбі күні де жалғасын тапты. Қалалық әкімдік алдында Жезқазған қаласының өнерпаздары өз бағдарламасын қала күніне тарту етті. Концерттің шымылдығын Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов құттықтау сөзімен ашты.

Сахна төрінде Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншілері әсем әндерін шырқаса, «Шашу» халықтық би тобы бұрала би биледі.

Кеншілер қаласының тұрғындары мысты шаһардың бұл мерекелік тартуын жылы қабылдап, қошеметтерін аямады.

Бағдат Қазкенов.

Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.