Съезд өз жұмысын бастады

Астанада қазанның 17-18 күндері «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі басталды. Съезд жұмысына республиканың барлық өңірлерінен 1200 делегат қатысуда.

Съездің бірінші күні бес секциялық отырыс өтіп, онда партияның жаңартылуы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы міндеттер талқыланды.

Ал, бүгін Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Съездің пленарлық отырысы өтеді. Онда «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасының жобасы қаралады. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы талқылауға ұсынған доктрина жобасы – билеуші партияның ХХІ ғасырдағы миссиясы мен Елбасы саясатының жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтар қарастырылған тұжырымдамалық құжат. «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығы қарсаңында қабылданғалы отырған стратегиялық маңызы бар құжат барша партиялықтарды ел тұрақтылығын және Елбасы мемлекеттік саясатының мызғымастығын қамтамасыз етуге біріктіруге ықпал етеді.

Сондай-ақ, осы күні Үкімет мүшелері мен Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясы депутаттарының қатысуымен партияның басқарушы органы – Саяси кеңес Бюросының кеңейтілген отырысы өткізілмек.

Партияның кезектен тыс XV съезіне біздің қаламыздан екі делегат – «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Әнуар Омар және филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев қатысуда.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.