Алла ризашылығы үшін

20131018-01-1Діні мұсылманның ортақ мерекесі – Құрбан айтты кенді қаланың жұртшылығы да қос мешітте Құрбан айт намазын оқудан бастады. Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке жиналған көпшілік намаздан бұрын мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Абдрахмановтың Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмір жолынан уағыздар айта келе, ұлық мерекенің маңызы мен жасалатын амал-құлшылықтарға тоқталды.

– Біздің елімізде халықтың талап-тілегімен Құрбан айт мемлекеттік мереке болып сән-салтанат құрып отыр. Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істері арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Тағы бір амал-құлшылығымыз Мекке, Мәдинада қажылық парызды өтеу. Жер жүзінің миллиондаған мұсылмандарымен бірге біздің де отандастарымыз қасиетті Мекке, Мәдина топырағында өздерінің қажылық парыздарын өтеуде. Сөйтіп, олар мұсылмандықтың бес парызының бірін адал атқарумен қатар, Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Алла Тағалаға деген сенімін одан әрі нығайтып, шариғат қағидаларын жан-тәнімен терең түсінуге нәр алып, жан-дүниесін Ислам дінімен қуаттандыруда. Олардың осы ниеттерін Алла Тағала қабыл алып, елімізге аман-есен жетіп, отбасыларымен қуанышта қауышуға жазсын деп тілейік, – деді бас имам.

Мешітке жиналған жамағатты қала басшысы Әнуар Омар құттықтады.

– Ораза айттан кейін 70 күннен соң келетін ұлы мереке – Құрбан айтты бүгінгі күнде баршаңыз осы мешітте жиналып, бір-бірлеріңізге шынайы тілектеріңізді білдіріп жатырсыздар. Алла ризашылығы үшін жасалған әрбір амалдарыңызды мың сауаптан жазсын. Еліміздің бірлігі мызғымай, татулықта ғұмыр кешуге нәсіп етсін, – деген тілегін арнады Әнуар Серікбайұлы.

Қала басшысының құттықтауынан соң, сапқа тұрған көпшілік Құрбан айт намазын оқыды.

Ислам дінінде дәстүрлі мерекеге айналған Құрбан айт намазынан кейін, ақ сақалды аталарымыз, ақ жаулықты аналарымыз, жастар төс түйістіріп, бірін-бірі мерекемен құттықтап жатты.

Ибрагим Пайғамбардан бері қарай сүннет болып келе жатқан құрбандық шалу – мерекенің басты міндеті. Қалалық әкімдік пен жеке кәсіпкерлер бірлесіп бұл күні 4 сиыр мен 40 қой құрбандық шалып, оның еті мұқтаж жандарға таратылып берілді.

Бағдат Қазкенов.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.