Керуен кенді қалада

Жақында облыстық «Жастар жастарға» ақпараттық-насихаттау мәдени керуені Жезқазған,  Сәтбаев қалаларына келді. Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жүзеге асып отырған бұл ақпараттық-насихат тобының мүшелері қала жастарымен жүздесті.

Кездесуді ашып жүргізген қалалық жастар бастамашылдығы орталығының жетекшісі Жанар Алғаринова керуеннің негізгі мақсатына тоқталды.

–   Жастарды мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттары жөнінде ақпараттандыру, жастар көшбасшыларының бір-бірімен тәжірибе алмасуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, рухани, адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды мақсат еткен топтың мүшелері орталарыңызға келіп отыр, –   деді кездесуді жүргізуші.

Жастар саясатының жүзеге асу барысы мен бүгінгі күні жатсар арасындағы өзекті мәселелерді талқылауға негізделген жиынға Қарағанды облысының жастар бастамашылдығы орталығының директоры Әсем Кенжебаева, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі Басқарманың балалар және жастар үкіметтік емес ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы  Әсем Түсіпбекова, облыстық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Қуаныш Тохметов, әлеуметтік зерттеулер орталығының дінтанушысы Қарлығаш Гимадиева келді.

Жиынның әлқиссасын бастаған Қарағанды облысының жастар бастамашылдығы орталығының директоры Әсем Кенжебаева Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жастар саясатын жүзеге асырудағы жастарға деген қамқорлығын тілге тиек етіп, қала жастарын жан-жақты ұшқыр ойлы болуға, елін-жерін сүюге шақырды.

Мәдени-ақпараттық топтың екі секция бойынша жұмысын жүргізді.

Бірінші секцияға жетекшілік еткен облыстық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция бөлімінің инспекторы, полиция майоры Қуаныш Тохметов облыс бойынша жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудағы басқарманың атқарып отырған істеріне тоқталса, әлеуметтік зерттеулер орталығының дінтанушысы Қарлығаш Гимадиева бүгінгі таңда қоғамда өткір тұрған жастардың діни ағымдарға кіріп кету қаупін алдын алу бойынша ақпараттар берді.

–   Өздеріңіз білесіздер, қазіргі күні жастардың еліктеу әсерінен әртүрлі діни ағымдарға кіріп кетіп, шыға алмай жүр.   2008 жылы құрылған «Виктория»  орталығы теріс діни әрекеттерден зардап шеккен  адамдармен тұрақты түрде жұмыс жасауда. Оларды оңалту кезеңінде психологтар, педагогтар, дінтанушылар жұмыс істейді. Оңалту орталығында бүгінгі таңда 16 адам бар. Әуелгі баста адасып, өмірден қиыншылық көріп, қиналып ақша үшін әртүрлі ағымдардың жетегіне еріп, кейін ұстанған бағытының дұрыс еместігін түсініп, көмек сұраушылардың да қатары қалың.  Орталықтың мамандары ондай жағдайда келген азаматтарға барлық көмегін жасайды Оңалту мекемесінде сондай-ақ еріктілер тобы жұмыс істейді. Олар жат ағымдардың әсерінен сақтану амалдарын түсіндіреді.  Орталықтың негізгі мақсаты – адасып жүрген жандарға діннің қоғамдағ адам өмірінде  қандай маңызға ие екендігін түсіндіріп, келісім, достық, бауырмалдық ұғымдарын кеңінен насихаттау, – деді баяндамашы.

Баяндама негізінде жастар арасынан «діни жалған ағымдардың жетегіне ерген жастардың сол жолға баруына не себеп?», «Сирияға кеткен қандас бауырлардың келешегі не болмақ?» деген тұрғыдағы сан сауалдар қойылып, пікірлер де ортаға салынды.

Ел болып, тұтастықта мызғымай ғұмыр кешудің берік қазығы – бірлік пен тыныштық. Олай болса, жастық жалынды шақта еліміздің бірілгі мен тыныштығына бүгінгі жастар үлес қосса, мемлекетіміздің іргесі мықты, қуаты арта түспек. Ол үшін білімді жастардың көп болмағы керек. Осылай деп ой түйіндеген екі секцияға қатысушы жастар келесі кезекте облыстық жастар бастамашылдығы орталығының бас маманы Ернат Кемалдың Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастар саясатын жүзеге асыруда көзделіп отырған негізгі мәселелерді қозғаған баяндамысын тыңдады. Баяндамашы ел Көшбасшысының жарты ғасырға жасалған бұл бағдарламасында жастарға көп сенім артылатындығын тілге тиек етіп, оны жүзеге асыруда Жезқаған және Сәтбаев қаалсы жастарының үлесі қомақты боларына сенемін деді.

Жиынды қорытындылаған, Ж.Алғаринова қала жастарын қоғамның ортақ мүддесіне үлес қосуға шақырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.