Су үнемдейтін кез келді

Толыққанды өмір сүруіміз үшін адам қажеттіліктерінің бірі – ауыз су. Әлем бойынша кейінгі кезде ауыз су тапшылығы өткір сезілуде. Әрине, табиғаттың байлығы шексіз емес. Көптеген мемлекеттер бұл мәселені жаңа технологияларды кеңінен енгізу, үнемдеу арқылы шешімін таппақшы.

Елімізде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану үшін ең бірінші тарифтік жоспар енгізілді. Үнемдеудің ең тиімді жолы су тұтынатын тұрғын үйдің әрбір текше метрі есепке алынып, белгіленген құнды төлеу қажет. Асып кетсе үстемесімен бірге өтелуі тиіс. Энергия ресурстарын жан-жақты үнемдеу — тарифтік саясаттың басым бағыты екені рас.

Дегенмен, монополистер тарапынан еліміздегі қондырғылардың 75 пайызы істен шыққан деген сылтауды жиырма жылдан астам уақыт естіп келеміз. Осыны желеу етіп су, жылу, көгілдір отын, жарық жүйесінің жылдан-жылға бағасы артпаса кеміген емес. Ал, тұтынушылар арасында соған орай қызмет түрін көріп отырған жоқпыз деген қарсы пікір де жоқ емес. Қазір еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде біздің қаламызда суды үнемдеу үшін есептегіш құрал орнату қолға алынды. Соның нәтижесінде ауыз су қоры мен электр энергиясын күткен нәтижедегідей үнемдеуге қол жеткізілуде.

Біз де бұл қондырғылардың пайдасы қаншалықты екенін көріп-білу мақсатында тұрғындар арасында сауалнама жүргізген едік.

Хаджирадова Алевтина есімді азаматша қондырғы орнатылғаннан кейін екі айлық көрсеткіштің ақысын төлегенде 800 теңгесін үнемдеген екен. Екі айға небары 3900 теңге берген. Қондырғы орнатылмаған жағдайда бұрынғы есеппен 4700 теңге төлер едім дейді зейнеткер. Есептегіш құралды 18 мыңға орнату жеке өз басына қиындық туғызбапты. Тек, қаламыздың басқа тұрғындары жеке-меншік мекемелердің қондырғы орнатуынан бойларын аулақ салса екен дейді. Себебі, Алевтина Алексеевнаның пікірінше, бұл қондырғыларды мемлекеттік мекемелерденөз ісінің нағыз мамандары ғана тыңғылықты атқара алады.

Жаманғарин Тасқын ағамыз да бұл су есептегіш құралдарының қарапайым халыққа еш таңсық еместігін алға тартады. Жезқазған, Сәтбаев өңірінде судың бағасы көтерілгенін телеарнадан көрген бетте ойланбастан қондырғыны орнатуға шешім қабылдапты.

Қорыта келгенде, бұл мәселенің түйіні жекелеген адам басына үкімет белгілеген құнмен есептескенше, айына жұмсаған суыңа қаражат шығару тиімді. Су есептегіш қондырғыларының халыққа да, мемлекетке де, табиғат анамызға да әкелетін пайдасы мол.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.