БАҚ басшыларымен кездесті

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева аймақтық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен кездесу өткізді. Күн тәртібіне бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отырған дін мәселесі қойылды.

«Аймақтық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ішкі саяси ахуалдың  тұрақтылығын сақтауға бағытталған және радикалды діни идеологияларға қарсы ақпараттық-насихаттау жұмыстарын күшейту» атты отырыста ішкі саясат бөлімінің басшысы К.Сағындықова өз ойымен бөлісіп, БАҚ өкілдеріне өз жұмыстарында ақпараттық форматтың жаңаша түрлерін қарастыру керектігін айтты.

«Дидар» телеарнасының бас редакторы Е.Кәкенов, «Жезказганская правда» газетінің бас редакторы Э.Алпанбаева, «Мысты өңір» газетінің бас редакторының орынбасары А.Дастанов Президент тапсырмасын орындауға бағытталған медиа-жоспарға сәйкес жұмыс істеуде туындайтын кейбір кедергілер туралы шағымданды. Жергілікті атқарушы органдар басшыларымен кездесіп, сұхбат алу үшін олардың соңында кейде айлап жүретіндерін, соның өзінде толық, нақты мағлұматтар ала алмайтынын айтып, әкімінің орынбасары ретінде ықпал етуді сұрады.

Жиынды қорытқан М.Мәдиева аймақтағы ахуал бойынша діни толеранттықты қалыптастыру, экстремизм және терроризмнің алдын алу бағытында тұрақты түрде мақалалар мен дін өкілдерінің сұхбаттарын жариялап тұру қажет екендігін айтты. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ-да «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметімен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы өндіріс орындарында жүргізіліп жатқан оңтайландыру барысы туралы және радикалды ағымдардың ықпалынан, дәстүрлі емес діни әрекеттерден жастар қауымын аластату мақсатындағы ақпараттық-насихаттау материалдарын жариялау туралы шешім қабылданды.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.