Тағылымы мол жүздесу

20131129-04-03Өткен аптада Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен «Сыр-сұхбат» атты кездесу өтті.

Бұл іс-шараның арнайы қонағы соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қаланың Құрметті азаматы Шермұханбет Байбосынов болды. Сонымен қатар, кездесуге бір топ жастар, «Жас Ұлан» мен «Жас қыран» ұйымдарының мүшелері және ұстаздар қауымы қатысты.

Өскелең ұрпақты қаланың Құрметті азаматтарымен таныстыруды, олардың рухын көтеруді, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды мақсат еткен кездесуді Сәтбаев қаласы бойынша «Жас Ұлан» ББЖҰ-ның жетекшісі Айнұр Наурызбаева алғы сөзбен ашты.

Жиын барысында аға буын өкілі соғыс жылдарындағы естеліктерден сыр шертіп, бастан өткерген қиындықтары, майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі туралы баяндап берді. Сондай-ақ, басқосуда Шер-аға өзінің өмір жолына да қысқаша тоқталып, балалық шақта болған кейбір оқиғаларды тебірене еске алды.

– Сендер бақыттысыңдар, бейбіт заманда өмір сүріп отырсыңдар. Сол жылдардағы сұрапыл соғыс жайлы менен сұрамаңдар. Оны ағып жатқан судан, өсіп тұрған ағаштан, сайраған құстан сұраңдар. Алапат соғыс кімдерге жапа шеккізбеді, қаншама жазықсыз жанның өмірі қыршыннан қиылып, адамдардың көкіректері қайғыдан қарс айрылды емес пе?! Осының барлығын Табиғат-ана көрді, сезінді. Елбасымыз айтқандай, жастар – ел ертеңі. Елімізді жарқын болашаққа бастайтын, мемлекетімізді көркейтіп, ел тағдырын айқындайтын сендерсіңдер, – деп аяқтады сөзін Байбосынов Шермұханбет ата.

Іс-шара соңында «Жас Ұлан» ББЖҰ-ның жетекшісі А.Наурызбаева жастарға тәлім-тәрбиелік мәні зор кездесу өткізіп, мол өсиеттер айтқаны үшін ардагер ағаға алғысын білдіріп, естелікке сурет табыстады.

Жеңістің қаншалықты қиын жолмен келгенін соғысты көзімен көрген ардагерлерден артық ешкім білмейді. Олардың әрқайсысы жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Бүгінгі күні ардагер аталарымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі болуда. Сондықтан жастардың бойында патриоттық сезімді, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал тигізетін осындай тағылымға толы кездесулер мен акцияларды «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.