Жас қызметкерлер ант қабылдады

20131206_04_03Тұңғыш Президент күні қарсаңында қаламызда өткен айшықты шаралардың бірі мемлекеттік қызметке келген жас мамандардың ант қабылдау салтанаты болды. Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен осынау іс-шараға қала әкімінің орынбасары Александр Ким қатысып, жұртшылықты бүгінгі есте қаларлық рәсіммен құттықтады.

– Баршаларыңызды еліміздегі айтулы мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Жиырма екі жыл бойы еліміз Елбасымыздың салиқалы басшылығының арқасында үлкен биіктерге жетті. Бұл Елбасының 22 жыл ішінде жүргізген сындарлы саясаты екендігін атағым келеді. Еліміздегі сандаған ұлттардың басын біріктіріп, мамыражай достықты ту еткен бүгінгі күн Мемлекет басшысының қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр. Бүгінгі ант қабылдағалы отырған мемлекеттік қызметкерлердің есінде осы күн ерекше сақталып қалары сөзсіз. Сіздер айтулы күні ант қабылдап отырсыздар, ол сіздерге үлкен жауапкершілік артады. Еліміз үшін аянбай еңбек етіңдер, жолдарың ақ болсын. Мереке құтты болсын! – деді Александр Ким.

Бұдан соң мемлекеттік қызметке алғаш келген 6 жас маман салтанатты түрде ант беріп, қала әкімі орынбасарының қолынан мемлекеттік қызметші қызметтік куәлігін алды. Олардың қатарында Жезқазған поселкесі әкімі аппаратының бас маманы Гүлімшат Айдарбекова, қалалық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Сырым Баймағамбетов, қалалық мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы Гүлсана Жақыпова, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Бағдат Жәкенова, Жезқазған поселкесі әкімдігінің экономика, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Елмұрат Құдайбергенов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Айжан Маманова сынды жас мамандар бар.

Ант қабылдаған мемлекеттік қызметшілер атынан сөз алған Гүлсана Жақыпова өздеріне үлкен сенім артылғандығын, оны орындауда адал қызмет ететіндіктерін жеткізді.

– Біз үшін тарихта қалатын ерекше күн болды. Елбасы күні қарсаңында жерлестеріміздің алдында ант беру бақыты біздерге бұйырған екен. Берген антымызға барынша адал болуға, елімізге шынайы еңбек етуге, артылған үмітті ақтауға күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – деді қалалық мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы, жасөспірімдер ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясының хатшысы болып қызметке кіріскен Гүлсана Жақыпова.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.