Мереке алдындағы мәжіліс

Тәуелсіздік күні қарсаңындағы әкім аппаратының кеңейтілген отырысы ерекше көңіл-күймен басталды. Қала әкімі Әнуар Омар әкімнің орынбасары Марал Мәдиеваны қала активі атынан мерейлі жасымен құттықтап, сый-сияпатын тапсырды.

20131213-02-01

– Басшылық қызметте жүріп Сәтбаев қаласының қоғамдық-саяси өміріне ұзақ жылдар еңбегін сіңірген Марал Сағынайқызының өзі де, өмір жолы да  мемлекеттік қызметкерлер үшін үлгі. Өз басым сізді жоғары бағалаймын, деніңізге саулық, еңбегіңізге жеміс тілеймін, – деді  Әнуар Серікбайұлы.

Одан әрі отырыс өз жалғасын тапты. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшылығының міндетін атқарушы Б.Жақсыбаевтың мәлімдеуінше, жұмыс қалыпты жағдайда, отын қоры да жеткілікті.

Мәжілісте «Изумруд» ПИК төрайымы Л.Луцюк жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнының жұмысына шағым айтты. Құсайынов көшесі 22 үйдің тұрғындары жылусыз отырса керек. Бұл жөнінде аталған мекемеге жазбаша да, ауызша да тапсырыс беріпті. Бірақ, әлі нәтиже жоқ.

Әкім СЖСҚК басшылығына мәселені тез арада шешуді тапсырды.

Әнуар Серікбайұлының тағы бір ескерткені – көшелерге құм себу жұмысының кеш басталатыны. – Алғашқы жүргіншілер жүре бастаған уақыттан бастап жолға құм себілу керек. Көктайғақтан бір адам жарақат алса, арты жауапқа тартылуға дейін апаратынын ұмытпаңдар, – деді.

Отырыста қала бюджетінің мезгілінде игерілуі, қаңғыбас ит-мысықтарды жою, Бұлқышев, Асатов, Первостроителей көшелерінің тазалығы, «Наурыз» ресторанының маңындағы қоқыстың жиналмайтындығы, «Шарайна» газетінің данасын 4000-ға жеткізу сияқты басты мәселелер көтеріліп, жауапты тұлғаларға ескерту жасалды.

Кезекке сәйкес қалалық қазынашылық бөлімінің басшысы Б.Шәкеновтың есебі тыңдалып, назарға алынды.

Майра Смағұлқызы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.